Президент сайлауы: додаға қосылғандар туралы не білеміз?

Президент сайлауы: додаға қосылғандар 20 қараша – елімізде кезектен тыс президент сайлауы.

Маңызды нау­қан жақындаған сайын сайлауға бейжай қарайтын азаматтардың өзі кандидат­тардың мүмкіндігін саралап, өздігінше тон пішіп жатыр. Бұл сайлаудың бұ­рынғылардан ерекшелігі сол, жеңіске жеткен кандидат елді жеті жыл басқарады және ол ең жоғары лауазымды қызметті бір-ақ мерзім атқарады, қайта сайлана алмайды.

Қазақстан Республикасының прези­денттігіне кандидаттарды ұсыну кезеңі 2022 жылғы 11 қазанда сағат 18.00-де аяқталғаны белгілі. Орталық сайлау комиссиясына ұсыну кезеңінің қорытындысы бойынша республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсынған 12 кандидаттың құжаттары тапсырылған. Алайда кейбір талапқа сай болмауы себепті үш үміткердің құжаттары тіркеуге қабылданған жоқ. Олар: Хайрулла Ғабжалилов, Талғат Ерғалиев және Фатима Бизакова. Алғашқысы Өзбекстанда дүниеге келген. Яғни тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайды. Ал Талғат Ерғалиевтен қабылданған құжаттарды арнайы органдар арқылы тексеру барысында оны мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі жеткіліксіз екені анықталған. Оның мемлекеттік органдарда жұмыс тәжірибесі небәрі 3 жыл 4 ай. Сонымен қатар оның кандидатурасын заңды ұйым ұсынған. Талапқа сәйкес, Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткер азамат сайлауға заңды ұйым атынан түспеуге тиіс. Осы ретте Талғат Ерғалиев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 55-бабы 1-тармағының ережелеріне сәйкес келмейді деп танылды. Фатима Бизакованың да мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазым­дардағы жұмыс өтілі жоқ екен. Айта кетсек, бұл үміткердің кандидатурасын «Тәжірибелік психология» қоғамдық бірлестігі ұсынған болатын. Жұртшылық кандидатты да, оны ұсынған бірлестікті де бұрын естімедік деп таңданысын жасырмаған еді.

Президент болуға үміткерлерге қойы­латын талаптар әу баста жария­ланды. Орталық сайлау комиссиясы мүшелері тиісті ақпаратты таратты. Іздесең, ғаламторда тәптіш­теп жазылған бәрі. Сонда дейміз-ау, құжат­тарын жинауға кіріскен әлгі үш кандидат талаптарға баса мән бермеген бе? Пре­зидент болуға өзін лайықты көрсе, талаптарды бір сүзіп шығуы керек еді ғой. Бұл көбіне мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс өтіліне байланысты әңгіме. Ал «тумысынан Республика азаматы болу керек» деген талапқа қарсы пікір айтатындар кездеседі. Бүгінде әлемге тарыдай шашылған жеті миллионға жуық қазақ бар. Арасында білімді де білікті азаматтар жетерлік. Сонда олардың президент болып елін өркендетуге құқы жоқ па? Жә, бұл – құзырлы органдардың, алдағы күндердің еншісіндегі мәселе.

Сонымен дүбірлі додаға қосылған 9 кандидат туралы не білеміз?

Мейрам Қажыкен – Павлодар облысы, Май ауданының тумасы. Экономика ғылымдарының докторы. Еңбек жолын туған жерінде инженер-гидротехник болып бастаған. Әр жылдары Павлодар облыс­тық экономика департаментінің бас­тығы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңсесінде Үкі­мет басшысының кеңесшісі, өндіріс және инф­рақұрылым саласы бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан индустрияны дамыту институтының директоры қыз­меттерін атқарған. Әлеуметтік-эконо­микалық жүйе туралы кітап та жазып үлгерген. Мейрам Қажыкен ресми түрде тіркеліп, сайлау додасына қатысатын болды.

Есіміне жұрт елең еткен Жигули Дайрабаев Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі XII шақырылымының депутаты болғанын біреу білсе, біреу білмес. Аталған шақырылым депутаттарының жұмыс істеген кезеңі тарихи кезең десек артық айтқанымыз емес. Олар Егемендік туралы декларацияны, Тәуелсіздік туралы заңды, елдің тұңғыш Конституциясын, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі сияқты маңызды құжаттарды қабылдағанын атап өткен жөн. Ж.Дайрабаев бүгінде ауылдағылардың жоғын жоқтап, сайлауға да солардың ұсынуымен түсіп отыр. «Ауыл» партиясының үміткері де ресми тіркеуден өтті.

Оппозиция өкілі саналатын Нұрлан Әуесбаев Түркістан облысында дүниеге келген. Ұзақ жылдар әкімдіктерде түрлі қызметтер атқарған. Оны «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» қоғам­дық бірлестігі ұсынды. Бұл – 2006 жылы 10 қыркүйекте құрылған Қазақ­стандағы оппозициялық бағыттағы саяси партия.

Ал Нұржан Әлтаев еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік уни­вер­ситетінде проректор болып баста­ған. Одан соң Ішкі істер министр­лігін­де бө­лім басшысы, кейін түрлі басқар­мада, кәсіпорында жұмыс істеген. Оңтүс­тік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палата­сының директоры болған. Ауыл шаруа­шы­лығы вице-министрі, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау вице-министрі лауазымында қызмет істеген. Нұржан Әлтаев – таэквандодан қара белбеу иегері.

Президенттік сайлауда әйелдердің мәселесіне басымдық беретін 48 жастағы Қарақат Әбденнің мамандығы экономист-маркетолог, Алматы халық шаруашылығы институтын тәмамдаған. Астана қалалық мәслихатының депутаты. Елордадағы бірнеше бөбекжайға жетек­шілік етеді. «Сен қазақтың қызы­сың. Мақтан ет!» атты кітабы жарық көрген. Ал Салтанат Тұрсынбекова танымал құқық қорғаушы. Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңдардың қабылдануын жақтайды.

Сайлауға қатысуға әу баста үш әйел кандидат ниет білдірген болатын. Біреуі саяси додадан шығып қалды. Әйелдердің президент болуына біздің қоғам дайын ба? Бұл үрдіс қалыпты жағдай ма?

– 2019 жылы өткен Президент сайлауында «Ақ жол» партиясы атынан әйел кандидат тіркелген еді. Биыл үш әйел ниет білдірді. Жалпы, бұл үрдіс Батыс елдерінде кең тараған. Біздің елде оны екіжақты қарастыруға болады. басшылық қызметтерде әйелдердің пайыздық үлесі артуы қазақ қыздарына, жалпы әйел қауымына жігер беретіні сөзсіз. Бұл ретте кейінгі жылдары квазимемлекеттік секторға басшы ретінде әйелдерді тарту, сайлау тізімдерінде әйелдердің үлесі 30 пайызды құрауына маңыз беріліп отыр. Екіншіден, шығыс халқының мен­тали­теті бойынша әйелдердің билікке келуін қолдамайтындар да бар. Не десек те, елімізде әйелдердің елдің саяси өмі­ріне белсенді араласуы әлемдік тен­ден­­цияға сай қалыптасып келе жатыр деуге негіз бар, – дейді Ұлттық құрыл­тай мүшесі, сая­саттанушы Қазбек Майгелдинов.

Президенттікке тағы бір кандидат – Жұматай Әлиев. Ол философия ғылымдарының докторы, профессор. Еңбек жолын Алматы мемлекеттік медицина институтында оқытушы болып бастаған. Кейін партиялық жұмыстарды атқарған. Орталық Азия университетінің президенті, ректоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. III, II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған. Неміс, ағылшын, орыс және қазақ тілін еркін меңгерген. Бақыт Жаңабаевты «Қазақстан футбол әуесқойлары лигасы» қоғамдық бірлестігі ұсынды. «Бұл кандидат туралы ғаламтордың өзінде ешқандай ақпарат жоқ» деп жұртшылық аң-таң. Үміткер Жаңабаевтың жаңашылдығы осында болар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлауға халықтық коалиция ұсынғаны белгілі. Яғни ішінде «Аmanat» пен «Ақжол» бар, бірнеше партия мен бірлестік атынан ұсынылып ресми тіркеуден өтті.

d

«Кандидаттардың мүмкіндігі қан­дай?» деген сауалды саясаттанушы Қазбек Майгелдиновке қойған едік. – Кандидаттардың мүмкіндігін сарала­сақ, әрине, Қасым-Жомарт Тоқаев­тың басымдығы жоғары. Оның ел тарихында тұңғыш рет халықтық коалиция атынан сайлауға түсуі, өзге де саяси күштерге ие болуы басқа үміткерлерден мүмкіндігі әлдеқайда жоғары екенін айқындап тұр. Одан кейін Мейрам Қажыкенді ұсынған «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық бірлестігін атап өткен жөн. Аталған ұйымның еліміздің түкпір-түкпірінде аз болса да өз филиалдары бар. Өздерінің мүмкіндігін толығымен жүзеге асыратын болса үлкен күшке ие деп есептеймін. Бүгінде еңбек ұжымдарының көбінде кәсіподақтар бар. Қазіргі кезде қарапайым жұмыскерлердің құқығын қорғау, әлеуметтік мәртебесін көтеру мәселесі өткір тұр. Еңбек ұжым­дарымен болатын кездесулерде атал­ған проблемалардың шешу жолын жү­йелі талқылап, нақты саяси бағдар­ла­масын ұсынатын болса, дауыс беруші­лердің ыстық ықыласына бөленіп, сайлау­шы­лардың белгілі бір бөлігінің қолдауына ие болады, – дейді саясаттанушы.

Сонымен, алдағы сайлаудан не күтеміз?

– Бұл сайлау қазіргі уақытта елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформалардың іс жүзінде орындалуының алғашқы қадамы деуге болады. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық тарихында суперпрезиденттік жүйе қалыптасты. Жаз айында өткен Конституциялық реформаның негізін­де аталған суперпрезиденттіктен клас­сикалық президенттік жүйеге өтуге алғашқы қадам жасалды. Енді осы бас­таманы реформаның жалғасы деп білу керек. Яғни суперпрезиденттік жүйемен түпкілікті қоштасу деген сөз. Екіншіден, алдағы уақытта президент бір мерзімге ғана сайлану арқылы 7 жылдық мандат алады. 7 жылды қандай да бір реформаны бастап, түпкілікті аяқтауға жететін уақыт деп қарау керек. Мәселен, АҚШ, Батыс елдерінде Президент 4 жылдан екі мерзімге сайланады. Яғни 8 жыл билікте болады. Демек, 7 жылдық бір мерзім осы стандартқа сай келеді. Сонымен қатар бұл ТМД елдерінде бұрын-соңды болмаған қадам, – дейді Қ.Майгелдинов. Көпшілік бұл сайлауда кім жеңіске жететіні белгілі дейді. Сәйкесінше, саяси доданың тартысты өтетініне күмәнмен қарайтындар бар. Асықпаңыз. «Ешкімді таны­маймын, амалсыздан біреуін белгі­ледім» дейтіндерге жауап дайын. Биылғы сайлаудағы жаңашылдықтардың бірі – бюллетеньдерге «Барлығына қар­сымын» графасының қосылуы. Бала­малы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Бұл – «Жаңа Қазақстанға» қадам басқанымыздың бір көрінісі.

Оралхан АХМАДИЯ,

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті

Сілтеме: https://egemen.kz/article/325929-prezident-saylauy-dodagha-qosylghandar

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT