Президент: Қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажеттігін мәлім етті. 

— Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес. Бірақ, бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен болып отыр. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17 пайыздан аспайды. Ал, тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40 пайызы ғана осы салаға жұмыс істеуге барады. Агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.

Осы орайда Мемлекет басшысы ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнология хабы ретінде қайта құруды тапсырғанын айтты.

— Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажет. Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс. Ветеринария мен фитопатологияның кенжелеп қалуы агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетін айтарлықтай шектеп отыр. Осы мәселеге айрықша назар аударған жөн, — деп толықтырды Президент.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет Еуразия аумағындағы сауда-саттықтың әділ жағдайда жасалуын нақты дәлелмен талап етуге міндетті екенін ескертті.  

Айта кетейік, Жолдаудың онлайн трансляциясы Jibek Joly эфирінде, сондай-ақ телеарнаның YouTube арнасында жүріп жатыр.

Kazinform сайты тікелей эфирмен қатар, жазбаша трансляция да жасайды.

Сондай-ақ Жолдау мәтінін агенттіктің телеграм арнасынан оқуға болады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT