Парламенттің жалпы отырыстарын телеарнадан тікелей эфирде көрсету қажет - Президент

АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламентте аса маңызды мәселе талқыланса, жалпы отырысты мемлекеттік телеарна арқылы тікелей эфирде көрсету қажет. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Енді Үкімет шын мәнінде есеп беретін Үкіметке айналады. Министрлердің өз жұмысын жетік білуі ғана жеткіліксіз. Олар өз ұстанымын Парламент алдында қорғауға қабілетті болуға тиіс. Өз бастамаларын қоғамға анық түсіндіруі қажет. Қазір Үкіметтің қателігі мен кемшілігін ашық айтып, жөнге салып отыруға толық мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті халық мүддесі үшін дұрыс пайдалану керек», - деді Мемлекет басшысы.

Президент Парламенттің өз жұмысы да барынша ашық болуға тиістігін баса айтты.

«Бүгінде оның жиындары интернет арқылы көрсетіледі. Бұл жақсы үрдіске айналды. Оған журналистер де, қалың көпшілік те қызығушылық танытады. Парламентте аса маңызды мәселе талқыланса, жалпы отырысты мемлекеттік телеарна арқылы тікелей эфирде көрсету қажет деп санаймын. Азаматтар өздері сайлаған депутаттың қалай жұмыс істейтінін нақты көріп, баға бере алады. Парламенттегі пікірталастар, шын мәнінде жалпыұлттық ауқымға ие болады. Сонымен бірге, бұл тәсіл ашық саясат жүргізудің жаңа стандарттарын қалыптастыруға, қоғамдық диалог мәдениетін дамытуға септігін тигізеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT