15 мамырда бүкіл әлем жұртшылығы Халықаралық отбасы күнін атап өтеді.
1993 жылдан БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген. Бұл күнді белгілеу әлемдік қауымдастықтың отбасының қазіргі жағдайы мен оның қоғам өміріндегі және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына алаңдаушылық туғызуына орай жүзеге асып отыр. Адам өмірі отбасынан басталады, азамат болып қалыптасуы да осында өрбиді.
Отбасы - сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы - әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам. Отбасы – өте қажетті, басқадай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады.
Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті де біз отбасын Отанның кішкентай бір бөлшегі ретінде қарастырамыз. Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, үлкен ұрпақтың тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңірту, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті.
Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдылықтын бір ұшы олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде деп есептемейміз.
Сонымен қатар қазақ отбасындағы бала тәрбиесін ұл тәрбиесі, қыз тәрбиесі деп жеке-жеке мән беріп қарастыруда оның өзіндік ерекшеліктерінің ішіндегі маңыздысының бірі. Үлкенді құрметтеу отбасы мүшелерінің бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған. Ой қорытындысы, «Отбасының жемісі – тәрбиелі ұл мен қызы» деген, мақтан етер ұрпағымыз көбейсін.
Ұрпағына мақтаныш болар қазыналы қарттарымыз көп болғай. Қазақтың әр отбасының керегесі кең, шаңырағы берік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Г.Сембаева,
Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
Қазақстан халқы Ассамблеясының
құрылымдарымен жұмыс бөлімінің
Махамбет ауданы бойынша сарапшысы
Сурет: дереккөз