Өрімдей қос ғашық неге өздеріне қол салды?

Қазіргідей не ішем, не киемін деп онша бас ауыртпайтын, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өрімдей жастардың өз-өзіне қол жұмсауы деген не сұмдық?

Мұндай жабық тақырыпқа қалам тербеу де оңай емес. Жуырда естіген адамның төбе шашын тік тұрғызатын оқыс оқиға орын алды. Он жеті мен жиырма жас арасындағы қос ғашық көзден таса бір орында, бір мезгілде өздеріне қол салған. Мойынынан асылып тұрған қос мәйітті көру түгілі, ол туралы ойлау, көзге елестетудің өзі жаныңды түршіктіреді. Естуімізше, ауылы аралас, қойы қоралас бір-бірімен қоңсы қонған көрші ауылдың жігіті мен кәмелетке әлі толмаған бойжеткен қызы ғашықтық сезімдерін білдіріп, романтикалық көңіл күйде кездесіп жүргендеріне де онша көп уақыт бола қоймаған. Солай бола тұра аяқ астынан тосын шешім қабылдап, еш қиналмастан мынау жарық дүниені қиып кетулерінің қандай құпиясы бар?Махаббат үшін тап осындай құрбандыққа бару ақылға сиымсыз.

Мұндай ұмыттыра беріп қайталанатын жұмбақ өлімнің себебі әлі күнге дейін ашылмай келеді. Білікті, тәжірибелі деген психологтар да түрлі болжам, тұспал жасаудан арыға бара алмай отыр. Өйткені сол бойда оқиға орынына жеткен полицияның жедел топ өкілдерінің айтуынша, ешқандай өлімге қатысты күш қолдану, зорлық-зомбылық іздері байқалмаған. Сонда ақыл есі бүтін, санасы сергек, бойларында махаббат оты лаулаған екі жастың мынау тұрлаусыз тірліктің бетіне шырт түкіріп, бақилыққа аттануларының астарында не жатыр?

Мұндай өз өзіне қол салу оқиғасы бірінші рет емес, өкінішке қарай бұған дейін мектеп жасындағы жасөспірімдер арасында да осындай белгісіз жағдайда ажал құшқандар болды. Бәрінде де мезгілсіз өлімнің себебін анықтап, тергеу амалдарын жүргізу барысында ілік іздеуге ешбір із қалдырмаған. Бұл жолы да тап солай. Белгілісі: бозбала мен бойжеткеннің бірінің ата-анасы ауылда болмаған. Әлеуметтік жағынан қамтылуы жағынан да анау айтқандай қиындық көрмеген отбасында тәрбиеленіп өскен. Сонда өзін-өзі өлімге итермелейтін қандай тылсым күш? Өзіне-өзі қол салу бабы бойынша заңдылыққа сәйкес қылмыстық іс қозғалса да, тергеушілерді де тығырыққа тіреген жұмбақ өлім құпиясы әзірге ашылар емес.

«Сейфүлмәлік Жамалдай, бейнетіңе көнсем-ай, Қозы менен Баяндай, бір молада өлсем-ай!» деп армандап, бір-бірін сүйген шын ғашықтар қосыла алмай, көздің жасын көлдеткен зар замандар келмеске кетті. Қазір бір-бірін ұнатып, бір-біріне өмірлік жар болуға сөз байласқан ғашықтарға жол ашық. Екі жақтың ата-аналарының ризашылығымен заңдылыққа сай некелерін қидыруға ешқандай кедергі жоқ. Соңғы кезде екі жастың қалауымен некелелерін мешітте қидыруға да ұлықсат берілген. Солай бола тұра қос ғашықтың мұндай қадамға барулары түсініксіз.

Жасыратыны жоқ, мұндай оқыс оқиға орын алған жерде «психологтар қайда қарап отыр?» деген қасаң қағида алдан шығады. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дегендей олардың ішінде қандай ит өліп жатқанын кім білсін? Сондықтан әрбір отбасының өз психологтары болуы керек деп ойлаймын. Яғни, ата-аналар өздерін психолог ретінде сезініп, өрімталдай өсіп тұрған жас өскіннің мінезіндегі байқалған ауытқушылықтарды, іс-әрекеттерін қалт жібермей қадағалап отырулары тиіс. Дамыған мемлекеттерде отбасылық адвокат, отбасылық психологтар ақылы негізде қызмет көрсетеді. Бәріміздің бірдей ондай қызметті пайдалануға қалтамыз көтермейтіндіктен отбасы тәрбиесімен өзіміз айналысуға тура келеді. Өтпелі кезеңде басы қатып жүрген бозбала мен бойжеткеннің бойларындағы өзгерісті аңдаған жеңгелері көмекке келіп, ашық сырласуға шақырып жатса-бәлкім осындай қайғылы оқиғалардың алдын алар ма едік? Өкінішке қарай, соңғы кезде жеңге мен қайынсіңлі арасындағы сыйластыққа да сызат түскендей. Бір-бір темір тұлпарды тізгіндеп жүрген нәзік жаратылыстылар өздерінше паң, бір-бірін мойындағысы келмейді, өзімбілемдікке салынады.

Жалпы суицидке итермелейтін, мәжбүрлейтін сыртқы күштер туралы түрлі жорамалдарды тізіп айта беруге болады. Соның ішінде мінезі тұйық жасөспірімдердің өзінің ортасынан шеттетілуі, құрбылардың мазағы, әлеуметтік теңсіздікті алдымен атар едік. Қолмен ұстап, көзбен көрген нақты дәлел болмаса да көпекөрінеу әлімжеттік жасау, адамның ар-ожданына тиетін ауыр сөздер айтып, жеке басын кемсіту де ерік жігері төмен әлсіз жандарды жарға жығуы мүмкін. Жастар арасында суйцидтің көбеюіне белгілі бір дәрежеде ғаламтордың да әсері бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Елімізде суицид эпидемиясын жоюдың бір тетігі- жастарға имандылық тәрбиесін көбірек ұсынумен тығыз байланысты екендігі ақиқат. Өйткені Ислам дінін ұстанушылардың арасында өзін де, өзгені де өлтіру өте-мөте аз кездесуі қасиетті Құрандағы тыйымдарынан десек қателеспейміз.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT