Атырауда қосымша даярлық сабағын өткізетін орталықтар ашқан келіншек 100-ге жуық адамды алдап кеткен.Бұл туралы КТК арнасына сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлады.
Көршілес Оралдан келген 26 жастағы келіншек Атырау мен Құлсары қалаларында оқу орталықтарын ашып, онысын бір-екі айдан асырмай жауып отырыпты. Ал ата-аналардан оқудың жылдық ақшасын, тіпті есепшотына 160 мыңнан 1 млн теңгеге дейін, онымен қоймай кейбірін жаңа орталық ашуға инвестор болуға да көндіріпті. Енді не сабақ, не ақша жоқ сан соққан жұрт прокуратураға келіп, арыз жазылғанымен, істің жылжымай жатқанына наразы екендерін білдірді.
Баласынан ештеңе аямайтын аңғал жұрттың іші-бауырына кіріп, ақыр аяғында тақырға отырып қалған көпшіліктің қолында қазір Аида Мақсұтованың жеке куәлігінің көшірмесі мен суреті ғана бар. Өзі жаңа жылдан бастап көзден ғайып болған.
Сенбеске шара жоқ, өйткені оның «Миледи», «Аврора», «Білім академиясы», «Үміт», «Ля мажор», «Айшабибі», «Әлихан» деген оқу орталықтарының тізімі осылай жалғаса береді. Тек Атырау қаласының өзінде 200-ге тарта ата-ана алданғанымен қоймай, олардың басым бөлігі әлі күнге полицияға арыз да жазбаған. Үш жылдан бері елді шулатқан әйелге қатысты қылмыстық іс бес күн бұрын ғана қозғалыпты.
«Бүгінгі таңда 17 адамның арызы бойынша алаяқтық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір іс тергелу сатысында. Бұл қылмыстық істі жеке өзім бақылауға алдым, тергелу нәтижесі туралы қосымша хабарланатын болады», - деді Атырау қаласының прокуроры Аршат Тайтуллин.
Енді тек ата-аналар ғана емес, жалақысын даулаған мұғалімдер мен ғимаратын жалға берген адамдар да құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздыруда.