Бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Нұрлан Әуесбаев ОСК-нің кандидат құжаттарын қабылдау комиссиясына:
- жеке куәлігінің көшірмесін;
- республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы отырысының ҚР президенттігіне кандидатты ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме мен түпнұсқасын;
- ҚР президенттігіне кандидаттың дауысқа түсуге келісімі туралы өтінішін;
- ҚР президенттігіне кандидаттың өмірбаяндық деректерін;
- ҚР президенттігіне кандидаттың Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжатын;
- дипломдарының көшірмелерін;
- мемлекеттік қызметтігі немесе сайланбалы лауазымдағы жұмыс өтілі туралы мәліметтерін тапсырды.
«Көңіл күйім өте жақсы. Әрине, қобалжу болды. Құжаттарымның бәрін қабылдап алды. Кандидат ретінде тіркелгенімді не тіркелмегенімді екі күннің ішінде хабарлайтын болды. Азаматтардың 118 мыңнан көп жоғары қолын жинай аламын деп сенемін. Мені қолдайтын халық, күшті партия бар. Еліміздің патриоты ретінде Президентімізді сыйлаймын. Ал додаға кім жеңілемін деп түседі?! Жеңуіміз керек!», - деді Нұрлан Әуесбаев құжаттарын тапсырғаннан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.