Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте өрт қаупі жоғары кезеңде және суға шомылу маусымында ТЖ-дың алдын алу, болдырмау мәселелері, сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, өңдеу мәселесі қаралды.Бұл туралы Атырау облысының әкімдігі баспасөз қызметі хабарлайды.
Облыстық ТЖ департаментінің бастығы Сағынбек Өмірзақовтың ақпараты бойынша, жыл басынан бері өңірде 7 рет орманда және далада өрт ошақтарының пайда болу жағдайы тіркелген.
Проблемалық тұстар да бар – жетуге қиын жерлердегі, Каспий жағалауы маңындағы өрттерді сөндіруге арналған техниканың болмауы. Ал, аудандарда шолу мұнаралары жоқ. Сондай-ақ, облыстық ТЖ департаментінің бастығы құтқарушыларға қолдау ретінде ерікті өрт сөндірушілер жасағын құруды ұсынды. Кеңесте өңірдің суға шомылу маусымына дайындығы да тыңдалды.
«Жылда ресми суға шомылу кезеңі 15 маусымда басталады. Бұл мәселеге де дұрыс көңіл бөлу қажет. Халықтың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс»,- деді өңір басшысы М.Досмұхамбетов.
Ресми түрде, Атырауда шомылуға рұқсат етілген 2 жағажай қызмет етеді. 2007 жылдан бері олар сенімді басқаруға берілген, бірақ, соңғы екі жылда жағажай иелері оларды дамытуға тиісінше көңіл бөлмей отыр. Бұл қауіпсіздікке де ықпал етеді. Өткен жылы 16 адам жағажайда суға батып кетті.
ТЖ мәліметінше, ағымдағы жылы облыс бойынша 17 жапппай суға шомылу орнын ашу жоспарланған болатын. Бірақ, бұл мәселе нақтылауды қажет етеді. Карантин ашылғанымен, санитарлық-эпидемиологиялық ахуал алаңдатады. Облыс әкімі атап өткендей, жағажайларда санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құтқарушылардың санын көбейту мәселесін қарастыру, демалыс базаларында санитарлық нормалардың сақталуын тексеру қажет. Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, өңдеу проблемасын шешу бойынша ахуал туралы баяндады.
Облыс әкімі аудандарда ҚТҚ полигондарының құрылысы бойынша жобаларды іске асыруды тапсырды. Экологиялық проблеманы шешу үшін Атырауда жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу қажет. Бұндай полигон үшін жер учаскесі бөлінген. Қазіргі қоқыс үйіндісі 1977 жылдан бері пайдаланылып келеді.
Бүгінгі күні бұл нысанның ресурстары сарқылған, оны рекультивация жасау қажет екені айтылды.
Сурет:дереккөз