Ойнап жүріп, от баспасын

Ауданымызда иесіз жатқан ғимарат көп.

Қоршаусыз, күзетсіз бұл жерлердің қаншалықты қауіпті екенін «Жайық шұғыласы» газеті бұрын да сараптап жазған болатын. Әйтсе де шыққан нәтиже жоқ. Иесіз жерді түнде жын-пері, күндіз оқушылар иеленіп алған.

Күні кеше ғана ауылдың нақ ортасында орналасқан бұрынғы «Сельхозтехника» мекемесінің ауласында бір топ мектеп жасындағы баланың шыны бөтелкені шағып, бір-бірін қуалап жүргенін байқап қалдым. Маңайда «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Ойларына келгенді жасап, жаман судың шөлмегін әрі-бері тасып жүрген олар менің ескертпеме құлақ аспады да. Неше түрлі тұрмыстық қоқыс қалдықтары мен қирандылардан аяқ сүрінетін аумақта ойын баласы еш қаперсіз шапқылап жүр.

Жаман айтпай, жақсы жоқ бір-біріне сілтеп, сындырып жүрген бөтелкенің сынығы денсаулығына зақым келтірсе, кім жауап береді? Осы орайда ата-аналар да салғырттық танытып отыр. Мектептен келген баласының қалай, қайда ойнап жүргенін бақыламаса, мұндай әрі ескі, әрі иесіз ғимараттың ішінде кімнің қандай пиғылмен жүргенін болжау мүмкін емес.

Аудан басшылығы бұл мәселені тезірек қолға алып, қараусыз мекемелерге қоршау салдырмаса, балаға да, басқаға да төнген қауіп сейілмейді. Әлде ойын баласы онсызда құлайын деп тұрған қирандының астында қалғанын күтіп жүрміз бе?

К.НЕСІПБАЙ,

ауыл тұрғыны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT