Жыл аяғына дейін өңірде 353,1 шақырым автомобиль жолы пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 78%-ға артады. Бұл туралы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әлібек Мұханбеталиев баспасөз брифингінде мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі
- «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» автомобиль жолының 0-80 шақырымын қайта жаңғырту жұмыстарынан қалған 6,5 шақырымы биыл аяқталып, толықтай пайдалануға береміз. Ұзындығы 18 шақырым «Миялы-Ойыл» 50 шақырымдық Тайсойған ауылына кірме жол күрделі жөндеуден, 7 шақырымдық Индербор кентіне кірме жолды орташа жөндеу жұмыстары да биыл бітеді. Сонымен қатар, «Құрманғазы-Приморье-Утеры-Котяевка» автомобиль жолының 0-29 шақырымын күрделі жөндеу жұмыстары мен облыстық маңызы бар «Атырау-Индер» автомобиль жолының 117-164 шақырымы аралығын орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Махамбетте 33,1, Мақатта 8,8, Құрманғазыда 26, Исатайда 5,4, Индерде 7,3, Қызылқоғада 10,6, Жылыойда 51,5, aл Атырау қаласында 52,9 шақырым жол төселеді, – деді Ә.Мұханбеталиев.
Анықтама үшін: Облыс аумағындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 6 533,6 шақырым. Оның ішінде:
- республикалық-1125,6;
-облыстық – 838;
-қала жолдары- 1634,9;
-аудандық -1089;
- ауданішілік – 1846,1 шақырым.