Облыста 2029 жылға дейін 4 заманауи  қосымша білім беру нысанын салу жоспарлануда

Бұл туралы Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қазір облыста білім сапасын арттыруға бағытталған цифрлық  жобалар іске асырылуда. Атап айтсақ, кітап оқуға баулу, функционалдық сауаттылықты арттыру, инженерлік білімді дамыту және шалғайдағы мектептерде зертханалық жұмыстарды тиімді жүргізуге бағытталған жобалар.

Брифинг барысында Е.Сламбеков қосымша білім беру мен тәрбие жұмысына тоқталып өтті.

-Биылдан бастап тәрбиелік қызметті үйлестірудің бірыңғай жүйесі қалыптасты. Сонымен қатар барлық білім беру мекемелерінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілген болатын. Бағдарлама аясында бүгінгі күні өзекті болып отырған «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Еңбегі адал жас өркен», «Оқуға құштар әке, ана, бала, ұстаз» жобалары іске асырылуда. Ал бала тәрбиесіндегі отбасы институтының рөлін нығайып, «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі», «Тәрбие тамыршылары» жобалары өз нәтижесін көрсетуде, - деді ол.

Бұдан бөлек  кәсіптік білім беру аясында 2025 жылға қарай 100% жастар тегін техникалық және кәсіби білім берумен қамтылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда облыстағы 24 техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында 34 670 студент білім алуда.

-Алдыңғы және өткен оқу жылдарында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында студенттердің саны 19 491 болды. 10 колледжде құзыреттілік орталықтары, индустриялық кеңестер жұмыс жасайды. Сонымен қатар өңірімізде «WorldSkills» чемпионатына қатысушыларды дайындайтын құзыреттілік орталықтары құрылған. Қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыс аясында 10 390 студент тегін білім алуда, - деді Е.Сламбеков.

Сондай-ақ басқарма басшысы осы жылы қосымша білім берумен қамту 81,4%-ды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға өскенін атап өтті. Сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста 2029 жылға дейін 4 заманауи қосымша білім беру нысанын салу жоспарланып жатқанын жеткізді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT