Аймақ басшысы Серік Шәпкенов Франция төрінде өтетін XVII паралимпиада ойындарына қатысатын параволейболшылар командасымен, таэквондошы Нұрлан Домбаевпен кездесті. Ал пара атлет Гүлбақыт Қайыржанова мен үстел тенисінен лицензия иегері Әли Махулбеков бейнебайланыс арқылы қатысты,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Серік Шәпкенов дүбірлі додаларда ұлттық құрама сапында өнер көрсететін атыраулық спортшылардың қатары көбеюі - өңірде спортқа қызығушылықтың артып келе жатқанын айқындайтынын атап өтті.
- Бұл жолдама - жеңіске деген жігеріңізден таймай, күн-түн демей төккен маңдай теріңіздің ақталғаны деп білем. Жеңіс оңайлықпен келмейді, артында біз білмейтін қиындық пен еңбек жатыр. Әлемнің белді спортшыларымен бақ сынасып, қарсы алаңға шықпақсыздар. Олимпиада басталуына да санаулы күндер қалды. Отанымыздың намысын абыроймен қорғап, жеңіспен оралуыңызға тілекшімін! Сәттілік серігіңіз болып, бағыңыз жансын. Сіздерге үлкен үміт артып, көк Туымыз көкте желбірер сәтті күтеміз,-деді С.Шәпкенов.
ҚР пара волейболдан ұлттық құрама бапкері Бауыржан Тахауов волейболшылар жарысқа алаңсыз дайындалуына жағдай жасап, командаға қосымша мамандар тартуға мүмкіндік берді.
- Париж олимпиадасынан жеңіспен оралу үшін дайындық қарқынды жүріп жатыр. Өзіңбен өткен кездесуде ортаға салынған мәселелер шешімін тауып, жеңіске деген жігерімізді арттырды. Команда мүшелерінің ойынын бақылап, қарсыластың ойынын қадағалайтын статист маман мен денсаулықты ұдайы бақылауда ұстайтын дәрігер-нутрицологтар қатарымызға қосылды,-деді Б.Тахауов.
Жазғы олимпиадада үстел теннисінен тірек-қозғалыс аппараты зақымданған зақмданғандар арасында халықаралық спорт шебері Әли Махулбек бақ сынасады. Қазір ол Ресейдің Саратов қаласында жаттығып жатыр.
- Ресейде осы спорт түрі дамыған соң, осында келіп, додаға дайындалып жүрмін. Мықты қарсыластарым да осы елде. Жеңіске жеткен қуанышты сыйлауға барымды салудамын. Бұйырса, алтын жүлдені қанжығаламақ ниеттемін,-деді Ә.Махулбек.
Анықтама үшін: Атыраулық спортшылар тамызда Парижде өтетін паралимпиадада 5 спорт түрінен сайысады.