Облыс әкімі облыстағы санитарлық тазалық жұмыстарын күшейтуді тапсырды

Аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өңірдегі санитарлық тазалық мәселесі туралы әкімдік отырысы өтті. Жиында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жүріп жатқан жұмыстар талқыланды,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.   

Алдымен баяндама жасаған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Зарина Төребаева акция аясында жыл аяғына дейін 19 іс-шара жоспары бекітіліп, Атырау қаласы мен аудандарда тиісті жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті.

  - Бүгінде алты сенбілік өткізіліп, оған 32 мыңнан астам адам қатысты. Мұнда 541 техниканың күшімен 697 тонна қоқыс полигондарға шығарылды. Өңірде төтенше жағдайларды жою бойынша жедел әрекет ету мақсатында арнайы техникалар сатып алынып, оған қосымша 1 426 дана контейнер келмек. Сондай-ақ, қаладан тыс елді мекендерді абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Атырау қаласында 100 ауланы абаттандыру» жобасын жалғастыруға бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыс жалғасуда, - деді З.Төребаева.

  Өңірде спорттық жаттығу алаңдарын, демалыс парктерін, балалар ойын алаңдарының құрылысы жүргізілуде.

Жиында Жылыой, Мақат, Махамбет, Индер, Қызылқоға аудандарындағы санитарлық тазалық жұмыстарының жүйесіздігіне сын айтылды. Аудан әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Бұдан бөлек, тұрғындарға айналаны таза ұстау туралы профилактикалық шаралар мен ақпараттық жұмыстар жүргізу керектігін айтты.

⁃ Бір ғана «Арнаулы автобаза» ЖШС мен қызметкерлердің көмегімен бүкіл қаланы тазарта алмаймыз. Тұрғындарда да жауапкершілік болуы тиіс. Бекітілген ережені орындау керек. Қоқысты демалысты күтпей, дер кезінде жинау керек. Бейнебақылау камераларын орнатып, қоғамдық тәртіпті бұзғандарға айыппұл салыңыздар. 109 біріңғай байланыс операторына түскен арыз-шағымдар мен оның орындалғаны жөнінде нақты ақпараттар керек. Қазіргі уақытта шағым көп. Бұл халықтың «Таза Қазақстан» акциясы жөнінде ақпараттанып, өз мәселелерін айта бастады деген сөз. Соларды қанағаттандыруымыз тиіс. Сол секілді телеграмм чатта да жұмысты күшейтуіміз керек. Бұл да өте маңызды мәселе. Осы жұмыстарды бірге жүйелендіріп, кемшіліктерді реттеуіміз қажет,- деді С.Шәпкенов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT