Облыс бойынша 40-тан астам қылмыс ашылған

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен Атырау қаласы және аудан әкімдерінің қатысуымен жемқорлықпен күреске қатысты селекторлық жиналыс өтті, деп хабарлайды Атырау облысының баспасөз қызметі.

Жиында мемлекеттік орган басшыларының бағынысты қызметшілері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін басшылардың отставкасы және жауапкершілігі институтын іске асыру мәселесі қаралды.

Облыс әкімі елімізде төтенше жағдай енгізіліп, коронавирус індетімен күрес жүріп жатқанына қарамастан сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі бір сәт те тоқтамайтынын атап өтті. «Сыбайлас жемқорлық - экономика және қоғамның әр саласына тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Мемлекет басшысы жемқорлық ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретінін атап, оны жоюда бір адамдай жұмылуға шақырды» ,— деді облыс басшысы.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы департаменті басшысының міндетін атқарушы Қанат Қожахметов өз баяндамасында жыл басынан бері облыс бойынша 40-тан астам оның ішінде пара алу, бюджет қаражатын жымқыру, өкілеттігін теріс пайдалану сыбайлас жемқорлық қылмыс анықталғанын және 15 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, сыбайлас жемқорлықтың жоғары деңгейі денсаулық сақтау және мемлекеттік сатып алу салаларында байқалатынын атап өтті.

Сонымен қатар Қанат Қожахметов Төтенше жағдай режиміне қарамастан облыстық департамент қызметкерлері Antikor.Live. жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы контентті онлайн форматта таратып жатқанына тоқталып, өткен жылдың қараша айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген бірқатар түзетулерді атап өтті.

Жиынды қорытындылған облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетов «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғамға таралу жолдарын кесу, оның өршуіне жол бермеу үшін күресуіміз қажет»,-деді.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT