«Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихат тобының жұмысы Шымкентте жалғасты. Партия төрағасы Азат Перуашев бастаған штаб өкілдерімен кездесуге Шымкент қаласының 360-тан астам азаматы қатысты.
Республикалық штаб мүшелері тұрғындарды сайлауалды бағдарламаның негізгі тұжырымдарымен таныстырды. Жиынға қатысушылар ел ішіндегі өзекті мәселелерді ортаға салып, өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, штаб өкілдерімен бірге оның шешу жолдарын талқылады.
Қала тұрғыны Бахыт Күндебаев ақжолдықтардың бағдарламасымен танысып, өзгеріс болатынына, әділ сайлау өтетініне көз жеткізгенін, еліміздегі білім саласының сапасы төмендегенін, жемқорлықтың жойылмай тұрғанын, жалпы елімізге түбегейлі өзгерістердің қажет екенін айтты.
Бұл ұсынысты партия лидері Азат Перуашев толығымен қолдап, өз сөзінде мұғалімдерге ерекше дәреже беру туралы заң қабылданғанымен, кемшіліктері бар екенін, заңға толықтыру енгізу керектігін жеткізді. «Білім саласына өзгерістер қажет, білімі жоқ халықтың болашағы да жоқ», деді ол.
Жиынға қатысушылар дауыс беретін сайлау учаскелерінде электронды жүйе орнату қажеттігі туралы талаптарын жеткізді. Бұл ұсынысқа партия төрағасы Азат Перуашев былай деп жауап берді.
«Бұл мәселені «Ақ жол» демократиялық партиясы 2017 жылдан бастап Парламентте көтеріп келе жатыр. Біздің депутаттық сауалымызда сайлау үдерісіне толығымен бейнебақылау жүргізіп, жеке куәлігіндегі штрих-код бойынша дауыс беру туралы ұсыныс айтылған. Көрші Қырғызстанда осы жүйе 10 жыл бұрын енгізілді. Ал біздің депутаттық сауалымызға Үкімет тарапынан қаражат қарастырылмағаны туралы жауап келсе де, біз мұны қайта-қайта көтеріп келеміз. Кез келген сайлауда дауыс беретін учаскелерде бейнебақылау орнатылған жағдайда ғана әділ сайлау өтіп, сайлауда ешқандай заң бұзушылық болмайды», деді партия төрағасы.
Бұдан кейін штаб мүшелері білім беру мекемелерінің 250-ге жуық мұғалімі және студентімен кездесті. Жиналғандарға партияның сайлауалды бағдарламасы жіті түсіндірілді.