Өңірлердің экологиялық жағдайы

«Байтақ» партиясының мүшелері Сәтбаев қалалық емханасында денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесті. Жиында саладағы өзекті мәселелер талқыланды.

– «Байтақ» партиясының бағдарламасында экологияны қалпына келтіру, ауаның сапасына мән беру, қоршаған орта мен азаматтардың денсаулығын қорғау, саламатты өмір салтын насихаттау мәселелері қамтылған. Өңірдегі экологиялық жағдай алдымен адам денсау­лығына әсер етеді, бұл тұрғыда туындайтын өзекті мәселелерді шешуде сіздердің ой-пікір, ұсыныстарыңыз маңызды, – деді партияның Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Базаркүл Үмбетова.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 9 айы­­­ның қорытындысы бойынша алдын ала мәлі­мет­терге сәйкес Ұлытау облысында 82 мың тонна лас­таушы заттар шығарылғаны анықталған.

Кездесуде партияның Ұлытау облысы бойынша Мәжіліс депутаттығына үміткер, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата мүшесі Қазбек Майгелдинов өңірде сайлаушылармен бірнеше кездесу өткізгенін, медицина саласындағы қордаланған мәселелерді жақсы білетінін айтты. Ата-анасының да дәрігер екеніне тоқтала келе, өзінің сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттармен таныстырды.

Штаб жетекшісі Марғұлан Ермағанбетұлы сайлаушылар қойған сауалдарға нақты жа­уап беріп, алдағы уақытта Қаражал қаласы мен Жаңаарқа ауданы тұрғындарымен де кездесулер жоспарланғанын жеткізді.

Кездесулер Астана қаласында да жалғасып жатыр. Белгілі болғандай, жылыту маусымында астаналық бір отбасы 10 тонна көмір жағады екен. Яғни елорданың экологиясына қауіп төніп тұр. 4 мыңнан астам үйлер газдандырылмағанын ескерсек, тек жеке үйлердің өзі 40 мыңнан аса қара отынды пайдаланып отыр.

– Астана қаласында газдандыру мәселесі бүгінгі күні шешілмей отыр. Бұған дейін бұл мәселені шешу жолдары дұрыс қарастырылмады. «Байтақ» партиясы Парламентке кіретін болса, бірінші кезекте Астана қаласын газдандырумен айналысады, – деді партия төрағасы Азаматхан Әміртай.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT