Наурыз айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін өтініш қабылдау 15-25 ақпан аралығында жүргізіледі. Тіркелу Ұлттық тестілеу орталығы-ның app.testcenter.kz сайты немесе UTO мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асады. Тестілеудің өзі 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді.
Республика Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, наурыздағы тестілеуге шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданғандар, өткен жылғы мектеп түлектері, колледж бітірушілері, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар, шетелде білім алған ҚР азаматтары, сондай-ақ биыл мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатыса алады. Өтініш беру кезінде талапкерлер тестілеу орнын, күнін және уақытын өздері таңдайды.
-2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті пән мен екі бейіндік пән тапсырады. Барлығы 120 тапсырма беріледі: «Қазақстан тарихы» пәнінен – 20 сұрақ, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылықтан» – 10 сұрақтан, ал әр бейіндік пәннен – 40 сұрақ. Ең жоғары балл – 140. Тестілеу уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге қосымша 40 минут уақыт қарастырылған. Сонымен қатар тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық кестесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады, — делінген ресми хабарламада.
Биыл талапкерлерге мамандық таңдауда көмек көрсету мақсатында EDUNAVIGATOR.KZ кәсіби бағдар беру платформасы іске қосылды. Ал ҰБТ-ға дайындық үшін ресми сайтта қажетті әдебиеттер тізімі мен негізгі тақырыптық материалдар жарияланған.
Еске сала кетсек, 2026 жылғы қаңтар айындағы тестілеуге 184 мыңға жуық адам қатысып, олардың 68 пайызы шекті балл жинаған. Орташа балл – 64, ал ең жоғары нәтиже – 138 балл.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА




