Елде нан бағасы тағы да қымбаттап кетті. Ал ауыл шаруашылығы министрі биыл бидай аз жиналады, бірақ нарық бағасына еш әсер етпейді деп елді сендірген. Десе де, министрдің бір жылға деп берген уәдесі тек бір айға жетті.
Сапархан Омаров, Ауыл шаруашылығы министрі: «Кем жиналған бидай ішкі нарыққа қатты әсер етпейді. Егер 19 миллион астық жинайтын болсақ, 9 миллионы ішкі нарыққа, 7-8 миллионын экспорттаймыз. Ар жағында 2 миллионы қалады. Одан бөлек былтырдан қалған 1,5 миллион тонна астық бар. Сонымен ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге астық жетеді».
Ауыл шаруашылығы министрінің осы айтқанынан ай өтпей елімізде нан бағасы қымбаттады. Өңірдегі осы салаға жауапты мамандар мұны бидай бағасының өсуімен түсіндіріп отыр.
Жуырда ғана мемлекет басшысы елдегі нан бағасының көтерілуіне байланысты Үкімет пен әкімдерге тапсырма беріп, шұғыл шаралар қабылдауды, субсидиялауды қарастыруды тапсырған болатын. Әйтсе де, баға билікке бағынбай отыр.
Субсидия демекші, соңғы екі-үш жылда елімізде бидайға субсидия берілмейді екен. Топырақтың құрамын зерттеу үшін де мемлекеттен ешқандай көмек көрсетілмейді. Ал, тыңайтқыштар мен жанар-жағармайға бөлінетін қаржы жыл сайын артуда. «Елімізде өсіріліп жатқан бидай халқымызды қамтамасыз етуге толықтай жетеді»-деп, артық 7-8 млн тоннаны экспортқа шығарады. Сөйте келе, бірі күн құрғамады, бірі қуаңшылық болды деп қырық түрлі сылтау айтып, нан бағасын өсіріп жібереді.
Ас атасы - нанның бағасы неге жылдан-жылға қымбаттап барады деген сауалға әлі күнге ешкім нақты жауап бермеді. Министрдің өзі мін таппаған бұл мәселе қашан шешіліп, баға қашан тұрақтайтыны да белгісіз. Жалпы соңғы бірер айдың турысында елімізде тек нанның ғана емес әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің барлығының да бағасы еселене түсті. Бұған мұғалімдердің жыл басында өскен жалақысы кінәлі ме, әлде көп балалы аналарға берілетін АӘК себеп болды ма белгісіз. Атыраулық сатушыдан сұрасаң, «мұнай қымбаттады» деп қысқа қайырады. Басқа өңірлерде нені сылтау қылатынын кім білсін?
Көршілес, Өзбекстан мемлекетінде орта есеппен алғанда 45 теңге тұратын әлеуметтік нанның құны бізде қазір екі есеге қымбат. Облысты, қала берді аудандарды нанмен қамтамасыз етіп отырған «Дәулет нан» ақ нанды Махамбетте 85-тен сатса, көршілес Индер ауданында 90 теңге. Бұл әзірге, облыс бойынша ең төмен бағаны көрсетіп отырған жалғыз кәсіпорын. Осы сынды «Айзада» наубайханасының өнімі 90 теңгеден тасымалданып, дүкен сөрелерінде 100 теңгеге сатылуда. Ал, өзіміздің жергілікті кәсіпкер, «Диана» наубайханасының иесі Нұрмұхамбет Есенғалиев ұн бағасы өсуін тоқтатпаса, банкрот болуымыз әбден мүмкін дейді:
- Бұрын 50 кг-дық Бірінші сұрыпты «Корона» астығын көтерме бағамен 6300 теңгеден алсақ, қазір 7200 теңгеден әкелеміз. Бағаның күрт өсуі, біз секілді наубайханаларға көп шығын. Өйткені, бізде 1-2 тоннадан артық астық қоры болмайды. Күніне 800-1000 нан пісіріп сатып, халықтың сұранысын ғана өтеп отырмыз-, дейді.
Әйтсе, де «Ақ ниет» нанының бұрыннан, басқа дүкендерге қарағанда 5-10 теңге қымбат болуының себебін кәсіпкер: бәсекелестіктің салдарынан деп түсіндірді. «Дәулет нан», «Айзада», «Рамазан» секілді ірі кәсіпорындар арзан бағамен, ауқымды сұранысқа ие болу арқылы пайда табады. Біздер аз мөлшерде, сапалы өнім шығаруға тырысамыз. Сол үшін де халық біздің өнімді әдейі іздеп келіп жатады,-дейді Н.Есенғалиев. Оралдық «Корона» маркасының астығын ғана пайдаланатын «Диана» наубайханасы нарықтағы ұн бағасы бұдан әрі өсетін болса, жұмыстың тоқтауы мүмкін екендігін де жасырмады.
Дүкен сөрелеріндегі бағасы 100 теңге тұратын нанның салмағына назар аударып көрдіңіз бе? Еліміздегі әлеуметтік нанның бекітілген сапа стандарты 500 гр. Демек, 5-6 адамнан құралған шағын отбасыға 500 гр-дық нан аздық етеді. Келімді-кетімді қонағыңызды қоспағанда әр күні 200 теңгені сіз тек нан алуға бересіз. Орта есеппен алғанда бір айда тек нан үшін 7000-8000 теңге қаражат жұмсайсыз. Егер, үйден пісірсек ше? Бұл шығын азая ма, әлде керісінше көбейе ме мұны көпбалалы ана, зейнеткер Нұржамал Маханова айтты:
- Махамбетте 1997 жылы тұтынушылар қоғамы тарағаннан кейін, наубайхана да жабылып қалды. Сөйтіп, елде нан мен ұнның бағасы біртіндеп өсе бастады. Бүгінде жоғарғы сұрыпты 50 кг-дық ұнды 8600 теңгеге аламыз. Біздің үйде 6-7 ересек адам, оған қоса демалыстарда келетін 11 немерем бар. Солардың барлығына қолдың таба нанын күніне 4-5 –ден пісірем .Бұрын 50кг ұннан – 80 нан шықса, қазір бұл 1 айға да жетпей қалады. Бірақ, үйдің пешке піскен ыстық наны әрі тойымды, әрі сіңімді болатыны рас. Нан – дегенің дастархандағы астың үлкені, киелі тағам. Қазақ «қайғысыз қара су мен қара нан да ас болады» деп бекер айтпаған. Сондықтан елдегі нан бағасының шарықтауы шегіне жетпесе, халықтың жайы қиын болары сөзсіз.
Иә, онсызда айлығы шайлығына жетпей жүрген ел 100 теңгегенің де наны алып, жеп жатыр. Облыста болғанымен, ауданда тұрақтандыру қоры атымен жоқ. Әлеуметтік осал топтарға арналған нан сөрелері де бірлі-жарым. Ал, баға мұнымен тұрақталып қалатынына да ешкім кепіл бола алмайды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылы жергілікті әкімдіктерге азық-түлік бағасын бақылауға алуға құзыреттілік берген болатын.
Сондықтан, алдағы уақытта кәсіпкерлермен екіжақты келісім жасап, нанға тұрақты бір бағаны бекіту, енді әкімдіктің еншісіндегі жұмыс деп білеміз.
Айнұр САТАЕВА
Сурет:дереккөз