Президент сайлауына үміткер Нұрлан Әуесбаев мемлекеттік тілді білуі бойынша емтихан тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ОСК сілтеме жасап.
Лингвистикалық комиссия кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін үш бағыт бойынша анықтады: шығарма жазу, қазақ әдебиеті классиктерінің шығармасынан үзінді оқу, кандидаттың таңдаған тақырыбына көпшілік алдында сөз сөйлеуі.
Отырыстың қорытындысын Лингвистикалық комиссияның төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов баяндады.
Кандидат «Түркістан – ер түріктің бесігі» тақырыбына шығарма жазды. Жазба жұмысы мазмұны, стилі, емлесі, тыныс белгілері бойынша бағаланды. Екінші тапсырма бойынша Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілек» романынан ауызша үзінді оқыды. Үшінші тапсырма бойынша «Ана тілім – асыл қазынам» тақырыбына ойын ауызша баяндады.
Емтихан қорытындысы бойынша Лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы ашық дауыспен бірауыздан шешім қабылдады.