«Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Үздік әлеуметтік жобалар» байқауын ұйымдастырған болатын.
Ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Ержүректілер» спорт клубы оның аудандық, облыстық жүлдегері атанғанын білеміз. Таяуда сол «Ержүректілер» спорт клубының жетекшісі М.Қуангереев те Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық байқауға қатысып, бақ сынады. Қатысқан 100 жобаның ішіне «Ержүректілер» клубы да кіріп, оқ бойы озық шығып, жүлдегер атанып, есімдері кітапқа енген екен. Спорт клубы жетекшісінің орынбасары Г.Утебалиева Нұр-Сұлтаннан әсерлерімен бөлісті.
-Республикалық «Үздік әлеуметтік жобалар» байқауы 1 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өтті. Жалпы республикалық байқауға 100 жоба өткен. Соның ішінде 54 жоба мақұлданыпты. Оның ішінде біздің «Ержүректілер» клубы да бар. Біз байқау кезінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаевпен, ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі Т.Дүйсеновамен кездестік. «Ержүректілер» спорт клубының жетекшісі М.Қуангереев еңбек министрі Б.Сапарбаевтың қолынан «Алғыс хатпен» марапатталды. Сөйтіп, республикада мақұлданған 54 үздік жобаның бірі ретінде «Ержүректілер»спорт клубы да «Үздік әлеуметтік жобалар» атты кітапқа енді. Бұл кітапқа біз туралы, біздің спорт клубымыз, осы кезге дейінгі жеткен барлық жетістіктеріміз түгел жазылыпты.
Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Бұл мүмкіндігі шектеулі жан болса да спортты серік еткен ерекше жандардың қуанышы деп білеміз. Бәріне дән ризамыз. Нұр-Сұлтан қаласына бару-келу шығындарын Атырау облыстық ішкі саясат, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары өтегенін айта кетейін.Бүгінде «Ержүректілер» спорт клубында 45 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Екі мүмкіндігі шектеулі адамды жұмыспен қамтып отырмыз-дейді Гүлден Утебалиева бізбен әңгімесінде.
Міне, жастайынан спортты серік еткен, ауданымызда тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубын ашып, оларға бар жағдай туғызып отырған М.Қуангереев республикада топ жарып, жүлдегер атанып отырғаны аудан үшін де қуаныш деп ойлаймыз.
Жеңіс құтты болсын, Мұхадия!
А.Қуанышқалиева