Әлеуметтік желілерде Атырау қаласына қарасты Алмалы ауылдық округі аумағындағы Сарыөзек каналында «су маржандары» аталып кеткен балық шабақтарының оттегі жетіспеушілігінен тұншығып, қырылу қаупі бар екені туралы ақпарат тарады.

Осыған байланысты Жайық–Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары облыстық Табиғат қорғау және табиғи ресурстарды реттеу басқармасы мен «Табиғат» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерімен бірлесіп мониторинг жүргізді.
– Шара барысында Сарыөзекте қалыптасқан жағдайдың шынымен алаңдатарлық екені анықталды. Жедел ұйымдастырылған бірлескен жұмыстың нәтижесінде балықтардың оттегі тапшылығынан жаппай қырылуына жол берілген жоқ. Соңғы уақытта қоры азайып бара жатқан мөңке балығының бірнеше жүздеген шабағы құтқарылып, табиғи өсіп-өну ортасы – Жайық өзеніне жіберілді, – деді инспекцияның бас маманы Алмас Жұмашев.
Дәулетқали АРУЕВ




