«Байтақ» жасылдар партиясының ұйымдастыруымен Медеу тау шатқалында жастар арасында экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастыруға бағытталған акция өтті.
Парламент Мәжілісіне кандидаттар Айнұр Сәбитова мен Владимир Мартель жастармен бірге денсаулық баспалдағымен көтеріліп, «Байтақ» партиясының туын көкке көтерді. Акция аясында өткізілген іс-шаралар экологиялық мәдениетті, спортты дамытуға және саламатты өмір салтын ұстануға байланысты болды.
Айнұр Сәбитова бүгінгі жастар өте белсенді және позитивті екенін атап өтті. «Қазіргі ұрпақ болашаққа үмітпен қарап, үлкен өзгерістерді күтіп отыр. Мұндай сәттерде экологиялық жауапты адамдардың біртұтас қоғамын құру тәсілдерін дұрыс қалыптастыру және түсіну өте маңызды. Мұндай қоғам өз кезегінде ауаның, судың, табиғаттың тазалығы сияқты мәселелермен күресетін болады», деді ол.
Владимир Мартель өз кезегінде Медеу тау шатқалында өткізілетін барлық іс-шаралар экологиялық мәдениетпен және табиғатқа ұқыпты қараумен байланысты екенін айтты. «Бүгінгі таңда саламатты өмір салтын ұстану және оны дамыту бағытындағы іс-шаралар өте маңызды», деп атап өтті кандидат.
«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері дәрігерлермен де кездесті. Саяси ұйым төрағасы елордадағы көпсалалы әлеуметтік-медициналық мекемелердің бірінде сайлауалды бағдарламаны таныстырып, сауалдарға жауап берді. Ақ халатты абзал жандар қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдары бойынша ұсыныстарын айтты. Аталған мекемеде 60-қа жуық маман еңбек етеді. Жүздесу барысында партия белсенділері елде жүргізіліп жатқан саяси реформа төңірегінде ой бөлісіп, пікір алмасты. Үгіт-насихат жұмыстарының аяқталуына аз уақыт қалды. Бұл ретте кестеге сай іс-шаралар қыза түсті. Айта кетейік, байтақтықтар қазір үш жарым мыңнан астам кездесу ұйымдастырды. Алдағы күндері республикалық штаб өкілдері оңтүстік өңірлерді аралауды жоспарлап отыр.
«Республикалық штаб пен барлық аймақтағы штабтардың жұмысы бақылауда. Халықтың сайлауға деген ынтасы жоғары. Сайлаудан үлкен үміт күтіп отыр», деді партия төрағасы Азаматхан Әміртаев.