Әлеуметтік салаға баса мән беріп, қолдау танытатын мемлекетте масылдық психологиясы да қылаң беріп отырады. Қазірде әлеуметтік көмек, мемлекет тарапынан халықтың осал топтарына берілетін жәрдемақы сынды демеуге ғана арқа сүйеп өмір сүруді көксеу түсінігі белең алып барады. Қоғам дертке айналып, масылдыққа үндейтін мерез мінезден арылғанда ғана түзелетіні анық.
Бүгінде әлеуметтік масылдық пиғылынан арылу ауқымды мәселеге айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыру ісінде өңірлердің ахуалын қайта таразылау қажеттігін ескертті.
Мынаған баса мән берген жөн. Бұдан былай да мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек көрсету, қамқорлық таныту жалғасын таба береді. Айталық, биылғы сегіз айдың ішінде көпбалалы отбасыларға, марапатталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы аударуға 354,5 млрд теңге жұмсалған. Яғни 856,2 мың отбасы, оның ішінде: көпбалалы 613,4 мың отбасына 308,9 млрд теңге, наградталған аналарға (242,8 мың адам) 45,6 млрд теңге берілді.
Елімізде көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға төрт, одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады. Биылғы қаңтар айынан бері төрт баласы бар отбасына 16,03 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (АЕК) 63 030 теңгеден төленіп келеді. Бес балалы отбасына – 20,04 АЕК (78 798 теңге), алты балаға 24,05 АЕК (94 565 теңге), жеті балаға 28,06 АЕК (110 332 теңге) беріледі. Бұған қоса «Күміс алқа» иегері ретінде 25 165 теңге көлемінде ай сайын жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ «Алтын алқа», «Батыр Ана» атағын алған, І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға 29 097 теңге (7,40 АЕК) беріледі. Сегіз, одан да көп баласы бар отбасыларға әр балаға 4 АЕК мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы аударылады. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5 %-ға артты.
Биылғы Жолдауда халықтың осал тобына әлеуметтік көмек, қолдау әрдайым көрсетілетіні атап өтілді. Дегенмен шын мұқтаждардың арасында «жолын тапқандардың» да еніп кетуіне бейжай қарамау керек. Президент әлеуметтік көмек көрсету тетігін қайта пысықтау қажеттігін тапсыра келіп: «Жүргенге жөргем ілінеді» деген қағидатты енгізіп, өңірлердің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру мәселесін қайта қараған жөн. Сонымен қатар аймақтардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керек. Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді», деді.
Мемлекет өз халқына әлеуметтік саладағы міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Тек бір ізге түсіп, жүйелі жоспармен жүзеге асырылуға тиіс. Кезінде әлеуметтік салаға жауаптылар толық емес отбасы мүшелерін де жеңілдікке мұқтаждар санатына қосты. Мұның салдары елде ажырасудың артуына әкеліп соқты. Бүгінде еліміз – дәм-тұзы жараспай айырылысқандардың статистикасы жөнінен әлемде алдыңғы қатарда. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр АХАТ органдарында 123,6 мың неке тіркелген. 2023 жылмен салыстырғанда некелесу көрсеткіші 2,2%-ға артқан. Бірақ ажырасу көп. Өткен жылы 40,5 мың отбасы ажырасқан. Бұл дегеніміз шаңырақ құрған әрбір үшінші отбасының шаңырағына сызат түскенін аңғартады. Әсіресе қалалық жерде неке бұзу дерегі жиі тіркелген. Өкініштісі, жастар арасында ажырасу артпаса, кемімей тұр. Мемлекеттен берілетін түрлі әлеуметтік көмек, төмендетілген пайызбен тұрғын үй ипотекалық бағдарламасына қатысу үшін де «ажырасатындар» бар.
Мемлекет басшысы Жолдауында жалқаулық түбі жарға жығатынын да атап өтті. «Біз өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз. Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алатын болса, жұмыс істеудің не қажеті бар? Турасын айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді», деп қынжылыс білдірді.
Отбасының табысын көлегейлеп, мал-мүлкін жасырып, қаржылық кіріс көзін азайту арқылы әлеуметтік төлем алушылардың қатарына енуді көздейтіндер көбейіп барады. Әлеуметтанушы мамандар «Жат жарылқамаса да, өз елім өлтірмейді» деген психологияға арқа сүйеу бақуатты ғұмыр кешудің көрінісі еместігін айтады. Көпбалалы отбасыларға берілетін, яғни әрбір перзентіне есептеліп аударылатын жәрдемақы мен әлеуметтік төлемнен артық табыс табуға ұмтылмайтын жандар бар. Мұның ақыры әлеуметтік масылдыққа әкеліп ұрындырады.
Әлеуметтанушылар кеңестік дәуірдің психологиясын бойына сіңіріп алған жандар «мемлекет бізді асырауға міндетті, әрдайым қамқорлық көрсетуге тиіс» деген түсінікке арқа сүйейтінін алға тартады. Бүгінде мемлекеттің қолдауымен ғана әрекет етіп, қаржылық мәселесін шешуде өздігінен жол табуға ұмтылмайтын кейбір кәсіпкерлер де бар. Олар тек қазынадан қолдау қаржысын алсам болды деген пиғылмен шаруасын дөңгелетеді. Мемлекетке игілігін көрсетуге келгенде сараңдық танытады.
Әлеуметтік масылдықтың өршуіне бос жұмыс орындарына орналасуға «екі қолға бір күрек» таппай жүрген жандардың құлықсыздығы әсер етеді. Ай сайынғы еңбекақы мөлшері аз деген желеумен жұмыстан бас тартып, тек әлеуметтік төлемдер мен көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақымен күнелтуді қош көреді. Айлық еңбекақы мөлшерінің аздығын сылтау етіп, еңбектенуге құлықсыздық танытуға қатысты бір мысал. Биыл жазда біздің ауылда іргелі шаруашылық иесі мая-мая шөпті көліктен түсіріп, жинап беруге ауыл тұрғындарын шақырды. Бірақ жұмыс иесінің ұсынған қаржы мөлшерін қомсынған тұрғындар бас тартты. Ал көрші ауылдан келген төрт-бес жігіт жарты күннің ішінде буылған шөпті көліктен түсіріп, жинап беріп, еңбекақысын алып кетті. Төлейтін соманы азырқанған ауылдағы жұмыссыз жастар осылай несібеден қағылды. Мұндай мысалдар жетіп артылады.
Мемлекеттің әлеуметтік міндеттерінің бастауында отбасына қорған болу, ана мен балаға қамқорлық таныту тұрғандықтан да масылдық психологиясы артты. Жастардың ажырасу көрсеткішінің күрт артуына әлеуметтік жеңілдікпен, мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер алу да «септігін тигізгені» анық. Мысалы, жас отбасыларға мемлекеттік бағдарламамен, ипотекаға рәсімдеп пәтер беру бағдарламалары бар. Бұрын жас отбасылардың шектік жас мөлшері 29 жасқа дейін болса, бертінде 35 жасқа ұзартылды. Мұның өзі кейбір азаматтарға аздық ететін көрінеді. Тұрғын үй бағдарламасына өтініш жазғанда отбасындағы ерлі-зайыптының да жас мөлшері 35-тен аспауға тиіс. Тығырықтан шығудың бір «айласы» – ажырасу. Мәселен, жас отбасы мәртебесі арқылы мемлекеттен пәтер алуға ұмтылған отбасында күйеуінің жасы 36-да болуы мүмкін. Ал әйелі – 31-де. Содан заңдық негізде ажырасуға арыз жазып, әйел толық емес отбасы есебінде тұрғын үй кезегіне тұрады. Сайып келгенде, бұл схема да әлеуметтік масылдық белгісін аңғартады.
Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми хатшысы Айгүл Көшербаева қоғамдық сана «алма піс, аузыма түс» дейтін жалқаулық ұғымынан тазарғанда ғана көзқарас өзгеретінін алға тартады.
«Әлеуметтік масылдық – еңбекке қабілетті азаматтардың мемлекет тарапынан берілетін көмекке тәуелді болып, еңбек етуге ұмтылмау жағдайы. Мұндай үрдіс ұзақмерзімді келешекте ел экономикасына да, әлеуметтік жүйеге де кері әсерін тигізуі мүмкін. Биылғы Жолдауында Президент әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктерді цифрландыру, орталықтандыру, оңтайландыру қажеттігін атап өтті. Бұл көмекті нақты мұқтаж жандарға бағыттап, артық, қайталанатын төлемдерді болдырмауға жол ашады. Халықаралық тәжірибе мұндай тәсілдің тиімділігін көрсетіп отыр. Мысалы, Германияда әлеуметтік көмек тек еңбекпен қамту бағдарламаларына қатысқан, қайта даярлаудан өткен немесе жұмыс іздеп жүрген азаматтарға ғана беріледі. Швецияда да осыған ұқсас тәсіл бар: әлеуметтік көмек еңбекке белсенді қатысумен қатар жүреді. Бізде де мемлекеттің қолдау шаралары мен еңбекке белсенділік қатар өрбуі қажет. Елімізде осы бағытта нақты қадамдар жасалып жатыр», деді сарапшы.
Он екі мүшесі сау азаматтың еңбек етуге ықылас танытпай, мемлекетке міндет артуы тоқтамай, масылдық психологиядан арылмайтынымыз анық. Сондықтан бұл кеселді жаппай айыптап, ел болып күрескенде ғана жеңе аламыз.
Жаңалықтарды Telegram каналымыздан оқыңыз