Махамбетте «Қарызсыз қоғам» тегін сабақ өткізді

Соңғы кездері қарызға белшесінен батқан азаматтардың саны елімізде күрт өсуде.   Оған қаржылық сауаттылығы төмен болуы басты себеп.   Бұл мәселенің алдын алдын алу үшін республикалық «Аmanat» партиясы  HaIyk-Bankпен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» жобасын жариялап, тиісті меморандумға қол қойған болатын. Жоба мамыр айында басталып, 2023 жылдың қараша айына дейін жалғасады.

 Жоба мақсаты- жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауаттылығын арттыру.  «Аманат»  партиясы  8 өңірде «Қарызсыз қоғам» жобасын бастап,  1,5 мың адам тегін білім алған еді. Бұл жоба қазақстандықтардың қаржылық мәдениеті мен кредиттік тәртібін арттыру үшін пәрменді құрал болып есептеледі.   Қаржылық сауаттылық бойынша тегін курстарды «Аманат» партиясының аудандық филиалы өткізуде.  Тренинг нәтижесінде қатысушылар  отбасы бюджетін қалыптастыру жолдарын, оны жоспарлау мен бөлудің негізгі алгоритмдерін, несие алу ережелері мен қайтару процентін, қаржы пирамидалары мен алаяқтар тұзағына түспеу жолдарын, бизнес жобаларды, қаржы көздерін үйренеді.  Жауапты сала мамандардың пайымынша, жергілікті  халықтың  оқуға  ынтасы мол.  

Тұрғындарды  жиі мазалайтын басты сұрақ - банкке берешектен қалай тез, жеңіл құтылуға болады.   Жобаға қатысушылар түске дейін оқып, түстен кейін оларға жеке консультация жасалып, толғандырған мәселелері қаралды. 
Иа, бұрын қаражаттан қиналған адам банктен керек соманы алып үйреніп қалды. Тіпті оның процентіне де қарамайтын болды.  Ай сайын төлеп отырсақ түбі құтылармыз деген оймен несие алушылар саны арта берді. Енді  міне, қаржылық  сауаттылық сабақтарына қатысып, өмірлерін жақсы жаққа  өзгертуге тырысуда.   Оқу барысында қаржы мамандарынан бөлек заңгерлер көмегі де ұсынылады.  Олар әр тұрғынның несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін  азайту бойынша құқықтық кеңестерін берді.   Оқу бағдарламасы бойынша  несие қарыздары бар борышкерлер тізіміндегі адамдар, несиесі бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен  берешегі жоқ адамдар, жеңілдікпен несие алып, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер де оқытылды.   Жоба қатысушылары өз қаражатын тиімді  басқаруда  шығынды  оңтайландыруды да үйренеді.   Олар қаржыға қатысты мәселелер  қалай пайда  болатынын, несиелік қарыздар санын азайтудың қандай жолдары барын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажет екенін де меңгереді. 

Ағымдағы  жылдың шілде айына дейін 6 мыңнан астам адам оқытылған.   Жобаның алғашқы  кезеңінде  бас-аяғы 80 мың адамды оқыту жоспарланған.   Бүгінде Қазақстанның 8 өңірінде 16 мыңнан астам тұрғын қаражатты тиімді жоспарлауды, отбасылық бюджетін  қалыптастыруды, несие алу мен қайтару ережелерін, қаржы пирамидалары мен алаяқтар тұзағына түспеу жолдарын, табысты бизнес құруды үйренуде.  
Бір әттегенайы қаржылық  саладағы білікті сарапшылар ауыл-аймаққа  келіп, тұрғындардың сауатын ашуға көп ұмтыла бермейді.  Біріншіден, қаржылық сауат жөнінде қазақ тіліндегі контент өте аз.  Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде  өзін маманмын деп таныстырып, курс өткізетіндер көп.   Бірақ оның көбі өз аяғымен шалғайдағы ауыл-аймақты аралап, тұрғындармен пікірлесіп, сөйлеспейді де.    Екіншіден, білікті сарапшылардың көбі қалада тұрады.  Ал олардың ешқайсысының ауылға барғысы жоқ.  

Ал  партияның «Қарызсыз қоғам»  бастамасында осының бәрі ескерілген.   Қаржылық салада жүрген сарапшылардың ақыл-кеңесі, берген білімі еш кетпесі анық.   Жалпы банктердің, қаржылық институттардың мәліметінше, осындай қаржылық  білімге  негізінен оңтүстік, батыс аймақтардың мұқтаждығы байқалған. Сол үшін де осы жолғы  оқыту курсы төртеуін батыс, үшеуін оңтүстік, солтүстік Қазақстан облысында өткізу жоспарланыпты.   Ауданымызда «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы 9 ауылдық округте өткізілді.  Оның 40 сағаттық теория және практика дәрістерін А.Қайырғалиев өткізіп, «Аманат» партиясы Махамбет аудандық филиалының атқарушы хатшысы Б.Мухамбеткалиев  курс тыңдаушыларына  сертификат тапсырды. 

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT