Бұл туралы бізге Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары жәнетұрғын үй инспекция бөлімінің бас маманы Руслан Әліпқалиев мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
"Құрметті аудан тұрғындары! "Таза Қазақстан" жалпыұлттық тазалық акциясы аясында Сіздерді қоршаған ортаны қорғауға арналған экологиялық жарысқа қатысуға шақырамыз! Бізбен бірге қағаз қалдықтары мен пластик бөтелкелерді жинау арқылы ауыл тазалығына өз үлесіңізді қосыңыз! Қатысу ережесіне келсек, алдымен, қатысушылар тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, әр аптаның бейсенбі күні арнайы белгіленген қабылдау пункттеріне тапсыру қажет. Тапсырылған тұрмыстық қалдықтардың салмағы (кг) мен саны есептеледі. Әр ай сайын үздіктер анықталып, “Экобатыр” аталымы бойынша марапатталады. Жыл соңында ең көп макулатура жинаған қатысушылар арнайы сыйлыққа ие болады. Қабылданатын материалдар – газет-журналдар, кеңсе қағаздары, картон, қағаз қораптар, пластик бөтелкелер. Ал, шыны бөтелкелер қабылданбайды. Өтетін орны – Мақат кенті әкімі аппаратының ғимараты,Жастар ресурстық орталығы, Доссор кенті және Бәйгетөбе ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратында орналасқан экотазалық пунктері, - дейді Р.Әліпқалиев.
Амандық АБДОЛ