Мұғалімдер медиа және ақпараттық сауаттылық курсынан өтті

Қазіргі интернет қарыштап тұрған заманда медиасауаттылық кім кімге де керек-ақ.

Заманауи технологияның тереңіне түсіп кеткен қоғамға қарап, интернет деген «құбыжықтан» қалай сақтану керектігін өзіміз білмей жатамыз. Толассыз келіп жатқан ақпараттар, сілтемелер, жалған жаңалықтар, тіпті фейк аккаунтпен көмек сұраған жандар, спамдар, тағы сондай көптеген хабарламалар әр түрлі әлеуметтік желіде толып кетті десек өтірік айтпаған болармын. Жалаңдап «жұтып» жеп қоятындай боп тұрған интернеттің құрбаны да болмас үшін медиасауаттылықтың дәл қазіргі уақытта маңызы зор. Міне, сондықтан да медиа және ақпараттық сауаттылық бойынша үстіміздегі жылдың 7 маусым мен 15 маусым аралығында курс ұйымдастырылды. Атырау облысы мектеп ұстаздарына арналған бұл курста 200 мектеп мұғалімі қатысып, көптеген сұрақтарына жауап ала алды, тың деректермен танысты, көп мәліметтерді түсінді, таныды, өмірде қолдана алатындығына көздерін жеткізе алды деп ойлаймын.

7 күн болған бұл курстың соңғы күні Workshop сағатына кезек бердік, онда талқылаулар мен талдаулар, сыни пайымдауға арналған түрлі ойындар, кері байланыстар айтылды. Үстіміздегі жылдың сәуір айында «Медиасауаттылық онлайн: креатив аттракционы!» тақырыбында «Эдьютон 2021 MediaCAMP» инновациялық-әдістемелік семинар барысында ұйымдастырылған медиасауаттылықты дамыту бойынша халықаралық жобалар байқауында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика кафедрасының меңгерушісі Маншүк Тынышқалиқызы Мұқашева жеңімпаз атанған болатын.

Мектеп мұғалімдерін медиасауаттылыққа үйрету курсы осы жоба аясында ұйымдастырылды. Курстың негізгі мақсаты – мектеп мұғалімдерін медисауаттылыққа үйрету. Былтырғы жылғы елдегі ахуал, сол сын сағаттағы ұстаздардың күнделікті қызметі күрт өзгерді, келеңсіз жайттарға тап болды. Олар жаңа технологиялық құралдар, оның ішінде заманауи компьютер мен смартфон арқылы онлайн форматта сабақ жүргізудегі көптеген қиындықтарды еңсере алды, жеңді. Балалармен, ата-аналармен мықты жұмыс жасай білді. Бірақ ұстаз қауымына әлде де көмек керектігін түсіндік, себебі бұл саладағы қиындықтың басы-қасында өзіміз де жүрдік. Медиашеберлікті шыңдау керектігін бұл заман, дәл қазіргі кезең ұғындырды. Сондықтан әр жаңалықтың басында жүрген ұстаздарымыз өз білгендерімен айналасына, өз мектебінде, өз сабақтарында түрлі шараларды ұйымдастырып, курс мәліметтерімен бөліседі деген ойдамын. Облысымыздың ұстаздары қатысқан бұл курс нәтижесін келер оқу жылының еншісіне қалдырдық... Жетістіктерге бірге жетейік, құрметті әріптестер! Нұрсұлтанова Г.Ж. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика кафедрасының оқытушысы, медиатренер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT