Ұлы қызмет жолындағы Тұрсынбаевтар отбасы

«Отан отбасынан басталады» деп тегін айтылмаса керек-ті. Отбасынан берілген тәрбие балалардың саналы болып жетілуіне үлкен әсерін тигізеді.

451d4a31-94a5-4279-ad62-e4a677383fc1

Сол қасиеттердің барлығын бойларына сіңіруге тырысып, ата-аналарына еліктеп, «солардай болсам» деген үлкен армандарын өмірлерінде жүзеге асыруға тырысады. Отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында елімізде алғаш рет 2013 жылы Елбасы жарлығымен «Мерейлі отбасы» байқауы жарияланып, содан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл аталған байқаудың облыстық кезеңіне қатысып, лауреат атанған, іні-сіңлілеріне үлгі болып, ел дамуына өзіндік үлестерін қосып келе жатқан Жылбек пен Эльмира Тұрсынбаевтардың бақытты отбасы туралы сыр шертпекпіз.

2c790ca5-ca98-4ffe-8b57-7c93ec3f8322

Олар да ата-анасынан үлгі алған ұрпақтар. Тек өздерінен өсіп-өнген ұрпақты ғана емес, барша қазақ балаларын білім нәрімен сусындатып, тәрбиелеу жолында еңбек етіп жүрген аяулы ұстаздар. Жылбек Ғазезұлының атаанасы да осы ұстаздық жолда бірнеше жыл бойы қызмет етіп, шәкірттерінің алғысын, елдің батасын алған ардақты жандар. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, Жылбектің әкесі Ғазез Тұрсынбаев 40 жылдан астам тарих пәнінің мұғалімі болса, анасы Балымзия Мұхамбетова математика пәнінен сабақ берген, бүгінде зейнеткер.

8109e643-6057-4bcd-a4d8-ff7372822ee2

– Біздің ата-анамызды таныстырып, тоғыстырған осы ұстаздық болса, біздің де танысып-табысуымызға себепкер болған мұғалімдік қызмет,- деп өздерінің алғаш танысқан кездерін еске алған Жылбек: – Эльмира екеуміз балабақшада қатар тәрбиеленгенбіз. Кейін ол отбасылық жағдайына байланысты көршілес Индер ауданына қоныс аударды. 1999 жылы қайтадан Махамбетке көшіп келгесін О.Шонаев атындағы орта мектебіне ән-саз пәнінен мұғалім болып орналасты. Мен де сол мектепте информатика пәнінен сабақ беріп жүрген болатынмын. Міне, сол кезден бастап Құдайға шүкір, жұбымыз жазылмай, бүгінге дейін бірге келеміз. Қазіргі таңда өзім Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясында қызмет етсем, жолдасым Эльмира да осы мектепте көп жыл оқушыларға дәріс беріп, кейін З.Ещанова атындағы өнер мектебіне басшылық қызметке ауысты,-деп өткенге сәл шегініс жасады.

e0e058e5-a276-45bf-abbe-70ac4ec1ed55

Өмірден адам баласы екі нәрседен шатаспауы қажет. Бірі – мамандық таңдауда болса, енді бірі – жар таңдауда. – Анам әркез: «Өмірде нағыз бақытты болғың келсе, екі таңдаудан қателеспе. Сол екі нәрсені адаспай тапсаң, нағыз жар, ана, әйел бақытын сезінесің»,- деп отыратын. Анамның сол ақылының, берген тәрбиесінің арқасында мен сол таңдаудан қателеспедім деп ойлаймын. Құдайға шүкір, жолдасым екеуміз балаларымызды тәрбиелеп, бақытты өмір сүріп жатырмыз,-дейді Эльмира.

Әйел адамның басты арманы – ана атану болса, екі жас үйленіп, отбасын құрғаннан кейін өмірге ұрпақ әкеліп, соларды саналы, елінің бір-бір азаматы етіп тәрбиелеу – басты парызы, міндеті болмақ. Сол парызы мен міндеттерін өмірдің басты тіршіліктерінен жоғары қойып келе жатқан Жылбек пен Эльмираның шаңырағында бүгінде 2 ұл мен 2 қыз өсіп келеді. «Қарты бар елдің қазынасы бар» дегенді ұстанатын отбасы: «Зейнет жасындағы аналарымыздың өмірден түйгені мен білгені –балаларымыз үшін үлкен мектеп»,- дейді.

a1c5592d-5f2c-4338-8915-e0070ab3b830

«Бала тәрбиесімен тек анасы айналысу керек» деген ұстаныммен келіспейтін олар уақыт қанша тапшы болып бара жатса да, балаларының тәрбиесін назардан тыс қалдырмауға тырысып келеді. Қазіргінің балалары кітаптан гөрі әлуметтік желіге жақын екені белгілі. Бүгінгі күннің басты мәселесі де осы болып отыр.

– Балаларымызды бос уақытында кітап оқуға баулимыз. Өйткені, кітап білім беріп қана қоймай, тіл байлығын дамытып, дүниетанымын кеңейтеді. Шәкірт тәрбиесінде де, бала тәрбиесінде де біздің отбасының ұстанатын ұстанымы – әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген тәмсілі. Ең бірінші кезекте балаға дұрыс тәрбие берілсе, ертең ол баланың жаман жолға түсіп, имансыз болмайтыны шындық. Әрине, заманның жаңа талабына сай өсіпжетілген бала жаман болады деуден аулақпыз. Тек сол жаңашылдықтың жақсы жақтарын ғана алғандарын қалаймыз. Жалпы баланың тәрбиесіне тек мектеп пен ата-ана ғана емес, өзінің араласып отырған ортасының да тигізер үлесі мол,-деп өздерінің бала тәрбиесі жөніндегі әңгімелерімен бөлісті. Осындай тәрбиесі мен тәлім ұштасқан ата-анадан осал ұрпақтың шықпасы анық. Тұңғыштары Жеңісбек Атырау қаласындағы «Біліминновация» лицейін «Алтын белгіге» тәмамдап, бүгінде еліміздегі белді жоғары оқу орындарының бірі – С.Демирел атындағы университетте білім алуда. Қыздары Хадиша қаладағы Ж.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған лицейдің 10-шы сынып оқушысы болса, Айшалары Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясында жетінші сыныпта оқиды. Онымен қоса З.Ещанова атындағы өнер мектебіне фортепиано сыныбына барып жүр. Кенжелері,үйінің еркесі Әли екі жасқа толды. «Отбасы – шағын мемлекет, Мен – Президент, сен – Премьер» деп Қасым Аманжолов жырға қосқандай, бұл отбасында да отағасының айтқаны – заң болып табылады. Әркез «шағын мемлекеттегі» барлық мүше өз Президенттерінің сөздерін екі етпей, соған бағынып келеді.

– Отбасымыздың берекесі, айрандай ұйып, татулығы мен ауызбіршілігінің бұзылмай сақталып келуі де, бірбірімізге деген сыйластық пен махаббаттың арқасы деп білемін. Отбасылық өмір жолымызда қаншама қиындықтарға кезіксек те бір-бірімізді қолдаудан, бір-бірімізге демеу болудан шаршамадық. Алдағы күнге деген сенімді жоғалтпадық. Міне, соның арқасында сондай қиын күндерде отбасы татулығын сақтап қалдық. Қазіргі жастардың үйлене сала ажырасып жатқандарының көбінде осындай қасиеттердің жоқтығы деп білемін,дейді шаңырақтың отанасы.

P.S. Өткені мен бүгінін әңгімелеген Жылбек пен Эльмираның бойында қазақи тәрбиелік пен ұяңдықтың лебі сезіледі. Осындай бақытты отбасылардан үлгі алған қыздарымыз көрегенді, ұлдарымыз өнегелі болары сөзсіз. Биылғы жылдың желтоқсан айының 23-ші жұлдызында отасқандарына тура 20 жыл толмақшы. Фарфор тойын тойлағалы отырған үлгілі отбасыға шаңырақ шаттығы мен ұрпақ қызығына бөленуін тілейміз.

 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT