Орталық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Атырау облысы Қазынашылық департаментінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер арасындағы волейболдан спартакиаданың салтанатты ашылуы өтті. Жарысқа мемлекеттік органдардың өкілдерінен құралған 15 команда қатысты. Олардың қатарында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті, полиция департаменті, экономикалық тергеу департаменті бар.
Командалардың сапқа тұруы мен Әнұран орындалғаннан кейін, облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев волейбол турнирінің Қазақстанның Ұлттық валюта күніне орай ұйымдастырылуының маңызын атап өтті.
– Бұл тек кәсіби мереке ғана емес, қаржы саласы қызметкерлерінің бірлігі мен ынтымақтастығының символы. Ал спорт белсенділік пен жеңіске деген ұмтылысты білдіреді. Денсаулығы мықты, белсенді және мәдениетті қоғам қалыптастыру – мемлекетіміз дамуының басты бағыттарының бірі.
Қаржы саласы – ерекше жауапкершілік жүктейтін қызмет. Сондықтан осы сала қызметкерлерінің спортқа уақыт бөліп, командалық рухты нығайтып, салауатты бастамаларды қолдауы қуантады. Бүгінгі турнир – ұйымшылдықтың, өзара түсіністіктің және жарқын болашаққа қадам жасаудың жарқын үлгісі. Мұндай шаралар ұжым ішіндегі байланысты нығайтып, тек кәсіби ғана емес, адами тұрғыдан да дамуға ықпал етеді. Баршаңызға сәттілік, әділ ойын және жарқын жеңістер тілеймін, – деді Ж.Бисембиев.
Турнир қатысушыларының бірі – Атырау облысы Қазынашылық департаментінің операциялық бөлімінің бас маманы Эльмира Қабдірахманова.
– Жарыста өте жақсы атмосфера қалыптасқан. Мемлекеттік қызметшілермен танысып, араласып жатырмыз. Мұндай турнирлер корпоративтік рухты нығайтады. Біз төрт жылдан бері үнемі жаттығып келеміз, – деді Эльмира Қабдірахманова.
Аймақтық қазынашылық департаментінің қызметкерлері бұған дейін мұндай турнирлерде төрт рет чемпион атанған.
Облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы Айгүл Анжанованың айтуынша, бұл ортақ мереке, ал турнирде бастысы жеңіс емес, қатысу.
Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің басшысы, Әдеп кеңесінің төрағасы Нұрлан Еркебаев Ұлттық валюта күні тек мемлекеттік қызметшілердің ғана емес, бүкіл Қазақстан азаматтарының ортақ мерекесі екенін атап өтті.
– Турнирді ұйымдастырған қазынашылық департаментіне, сондай-ақ спартакиаданы өткізуге мүмкіндік берген әкімдікке үлкен алғыс. Бір маңызды жайтты атап өткім келеді. Халық арасында «адамның мың түрлі мәселесі болуы мүмкін, бірақ денсаулығы нашарласа, тек бір ғана мәселе қалады» деген сөз бар. Сондықтан денсаулықты әрдайым күтіп, нығайту қажет, әсіресе мемлекеттік қызметшілер үшін. Өйткені олар халық мәселесін шешуге тиіс, ол үшін күш-қуат керек. Баршаңызға мықты денсаулық тілеймін. Мұндай спорттық іс-шаралар мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Барлығының мақсаты бір – тиімді өзара әрекеттестік. Кабинеттегі ресми кездесулерден гөрі осындай бейресми орта қарым-қатынасты күшейтеді, – деді Нұрлан Еркебаев.
Турнир әлі жалғасуда. Ойыншылардың эмоциялық көтеріңкі көңіл күйі мен жігері байқалады. Динамикалық комбинациялар, көркем шабуылдар, тартысты ойын – бәрі турнирдің қызуын арттыра түсті. Әр команда жеңіске ұмтылады, ал қызу қолдаған жанкүйерлер оларға рух береді.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ


