Ұлт жадын жаңғыртқан

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев 2017 жылы жарық көрген «Тәуел­сіздік дәуірі» атты көлемді еңбегінің 283-бетінде: «2003 жылдың сәуіріндегі Жолдауымда мен ұлттық мәдени мұраны жаңғыртуға, зерттеуге және жинақтауға байланысты арнайы бағдарлама жасауды тапсырдым.

Екі жылға жоспарланып, «Мәдени мұра» деп аталған мемлекеттік бағдарлама 2004 жылдың қаңтар айында жұмысын бастап кетті», депті. Расында, Елбасының бастамасымен қолға алынған осынау құнды бағдарламаның арқасында еліміздің руханияты мен тарихы түгенделіп, аса ауқымды жобалар іске асты. Атал­ған жоба Қазақстан халқын әлемге танытып қана қоймай, қазақ­стан­дық­тардың өзін-өзі тереңірек тануына жол ашып берді. Ғасырлар бойы бұғат­талып жатқан халықтың тарихи жады осы бағдарламаның арқасын­да тың мағлұматтармен толықты.

Жырақтан жеткен жәдігерлер Жоғарыда айтқанымыздай, тәуел­сіздік жылдарындағы аса ірі рухани іс-шара – «Мәдени мұра» бағдар­ла­ма­сын кәсіби деңгейде жүзеге асыру үшін, ең әуелі 2004 жылы – Үкімет жанынан «Қоғамдық кеңес» құрылып, Бағдарламаның Тұжырымдамасы әзірленген еді. Осы құжатта көрсетілген маңызды шараның бірі – қазақ халқының мәдени мұрасы мен тарихына қатысы бар маңызды қолжазбаларды, жәдігер басылымдарды, кітаптар мен мұрағаттық құжаттарды іздеп тауып, сатып алу үшін алыс және жақын шетел мұрағаттары мен кітапханаларына ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Бұл іс өте нәтижелі болды. Бағдарлама шеңберінде алғашқы екі жылда Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Батыс Еуропа елдерінің мұрағаттары мен кітап­ханаларынан 5 мыңға жуық Қазақстанның өнері, тарихы, этнографиясы туралы қолжазбалар мен басылымдар табылды. Атап айтар болсақ, ҚХР тарихи мұрағаттарынан шағатай, манжур, ойрат, моңғол және қытай тілдерінде жазылған Қазақстан тарихы мен мәдениеті жөнінде айрықша маңызы бар 3500-ге жуық құжат елімізге жеткізілді. Бұл құжаттарда қазақ хандары мен сұлтандары өзге мемле­кет­тер: Қытай, Қоқан, Хиуа, Қырғыз хандық­тарымен ресми хат-хабар алмасқаны жайлы құнды мәліметтер сақталыпты. Сонымен қатар Алматы қаласын­дағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы еліміз үшін тарихи-мәдени құндылық болып саналатын жазба ескерткіштерді тауып, жинау мақсатында Лондондағы Британдық кітапханаға, Париж, Мадрид, Севилья, Флоренция және Берлин Ұлттық кітапханаларына, Францияның Сыртқы істер министрлігінің дипломатия­лық мұрағаты мен Ватикан құпия мұрағаттарына ғылыми-іздестіру экспедицияларын ұйымдастырды. Нәтижесінде, еліміздің ғылыми орта­сы­на беймәлім 77 қолжазбаның кө­шір­­­месі мен 200-ге жуық баспа өнім­­дері табылды. Олардың арасында Папа Урбан IV-нің Құлағу ханға жаз­ған хаттары, Ватикан папалары мен Алтын Орда хандарының өзара жазыс­қан хаттарының көшірмелері, «Ас-сахат-Таурих» (Жалпы тарих, 1440 ж) қолжазбасы, т.б. бар. Бұлардың сыртында Арменияға ат басын бұрған мұрағаттар жөніндегі ғылыми сарапшылар Мащтоца-Матенадаран атындағы ғылыми-зерттеу институтынан, сонымен қатар Ұлттық мұрағат пен Харич қаласындағы Қыпшақ монастрі мұрағатынан ХІV-ХV ғасырларға тән қыпшақ қолжазбаларын тапты. Археологиялық артефактілер саны артты «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарылған іргелі шаруаның бірі – археологиялық қазба жұмыс­тары. Нәтижесінде, еліміз көлемінде 26 ғы­лы­­ми-қолданбалы, сонымен қатар 40-тан астам археологиялық зерттеулер жүр­гізіліп, ата-бабаларымыз тарихынан мол мағлұмат беретін мыңдаған артефакті­лер айналымға енді.

Сөйтіп, қазіргі Қазақстан жерінде өмір сүрген ежелгі көшпелі һәм отырықшы халықтардың сәулет өнері, құрылыс ісі, жерлеу дәстүрі, діни-мифологиясы жайлы құнды материалдар жарыққа шықты. Бұл дүние­лер тарихымыздың аса маңызды заттық мұрасы ретінде танылды. Яғни «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы іс-шараларын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан аумағындағы 30-ға жуық қалашыққа, қоныстар мен қорғандарға археологиялық зерттеулер жүзеге асырылды. Атап айтқанда: Ақмола облысындағы Бозоқ, Алматы облысындағы – Есік, Талғар және Қойлық, Атырау облысындағы – Сарайшық, Оң­түс­тік Қазақстандағы – Отырар, Сауран, Шымкент, Қараспантөбе, Жуан­төбе, Шығыс Қазақстандағы – Шілік­ті, Берел, Жамбылдағы – Ақыртас, Қара­ған­ды өңіріндегі Тоқтауыл, Айбас, Кент, Талды­сай, т.б. нысандар зерттелді. Жоғарыдағы зерттеу барысында тарих ғылымы Ұлы дала тарихынан сыр шертетін мол олжаға кенеліп, мың­даған артефактілерге ие болды. Әсіресе, сақ қорғандарынан қазып алынған құнды әшекей заттар: ат әбзелдеріне салынған қыран, стильдік өрнек, сфинкс бейнесі (б.д.д ІV–ІІІ ғ.ғ) ерте көшпелілер мәдениеті туралы тың мәлімет берсе, Шығыс Қазақстан облысындағы Берел қорғанынан «Сібір – сақ аң стилі» (б.з.д. V-III ғ.ғ.) өнеріне жататын мыңнан астам алтын бұйымдар табылды. Осылар­дың ішінен толық әбзелді жылқы бей­несі қайта жаңғыртылып, ол қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музей экс­по­зициясының төрінде тұр. Сонымен қатар Шілікті обасын­дағы сақ патшасы табытынан алынған 4 мыңға жуық тұрмыстық алтын әшекей бұйым­дардың жасалу ерекшелігі ғалым­дардың пайымдауынша, әлемнің ең үздік мәдени нұсқалары қатарына жатады екен. Аталған археологиялық жобаға, елі­мізге танымал белді оқу орындары – Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Қостанай мемлекет­тік университеттері де ат салысып, олар еліміз аумағындағы 30-ға жуық қала­шықтар мен қоныс-қорғандарда архео­логиялық зерттеулер жүргізді. Мәдени ескерткіштер екшелді «Мәдени мұра» бағдарламасын жү­зе­ге асыру үшін таңдап алынған бес ба­ғыт­тың алғашқысы – еліміздiң маңыз­ды тарихи-мәдени және сәулет ескерт­кiштерiн қайта жаңғырту һәм сараптау ісі болатын. Өйткені кеңестік дәуірде еліміз көлемінде 25 мың ескерткіш мем­лекет қорғауына алынған екен. Бұл тізім­де қаптаған Ленин ескерткіштері, револю­ционерлер мүсіндері, олар тұрған үйлер, ғимарат қабырғаларындағы мемо­риалдық тақталар секілді уақыт тұр­ғы­сы­нан құны кеткен дүниелер көп еді.

Ең әуелі, осыларды сұрыптау үшін елімізде тұңғыш рет моралдық жағы­нан ескір­ген ескерткіштерге түгендеу жүргізілді. Ескерткіштердің республи­калық және жергілікті маңызы бойынша жаңа тізімі ғылыми тұрғыда мұқият сарапталды, азат сана тұрғысынан екшеліп қайта түзілді. Яғни жұмыс тобы Бағдарламаға басыбайлы кірісер алдында республикалық маңызы бар тарихи-мәдени кесенелердің баршасына сараптама жүргізді, олардың жалпы тізімі жасалды. Соңынан осы тарихи нысандардың ішінен бірінші кезекте көңіл бөліп, қолға алатын объектілер іріктелді. Сөйтіп кесенелердің қайсысын қалпына келтіру, қайсысын жаңғыртып, реставрация жасау керектігі анықталды. Осы сараптама жұмыстарымен қоса, археологиялық қазба зерттеулерін реттеу, шетелдерге тарихи-этнографиялық экспедициялар кестесі жасалды. Бұл арада айта кетерлік дүние, Бағ­дарлама қабылданғанға дейін халқы­мыздың ежелгі тарихына қатысы бар біршама мәдени-тарихи ескерткіштер қайта жөнделіп, жаңғыртылды. Олардың ішінде – Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб, Айша Бибі, Жошы хан, Бекет ата, Қараман ата жерасты мешіттері, Баласағұн, Ақыртас сарай кешендері, Сауран, Сығанақ қалашықтары, Бөкей Ордасы кешені, т.б. Оның сыртында, Бағдарлама аясында ЮНЕСКО-ның «Әлемдік мұра­сына» енетін әлеуетті нысандардың дерекқорын жасау жұмысы жүйелі қолға алынды. Бұл тізімге бұған дейін Ясауи мен Тамғалы ғана енген болатын. ЮНЕСКО-ның бұл әлеуетті мұра­лар нысанына келешекте Отырар, Ясы – Түркістан қалашығы, Мер­кедегі көне түркілердің қасиетті мекені, Ешкіөлмес петроглифтері, Қаратау­дағы палеолит ескерткіштері, Арпа – Өзен петроглифтері, Беғазы – Дәнді­бай мен Тасмола мәдениеті, т.б. енгізілді. Осындай үлкен еңбектің нәтижесінде бүгінгі таңда ЮНЕСКО-ның «Әлемдік мұралар» мәртебесіне еліміздің 10 нысаны еніп отыр. Олар – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Таңбалы петроглифтері, «Жібек жолы» бойындағы Талғар, Қарамерген, Қойлық, Ақыртас, Құлан, Мерке, Өрнек, Қостөбе қалашықтары. Сонымен қатар Бағдарламаның аясында: Жидебай – Бөрілі, Әзірет Сұлтан, Берел, Бозоқ, Ботай, Есік, Ежелгі Тараз, Ордабасы, Отырар, Сарайшық, Таңбалы, Ұлытау, т.б. қорық-музейлер жөнделіп, біршама маңызды нысандар қорық-музейлер ретінде жаңадан дүниеге келді.

 

egemen.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT