Жасанды интеллект құзыреттерін оқушы кезден бастап қалыптастыру – еліміздің адам капиталын дамытудың стратегиялық бағыты. Қазірдің өзінде Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Цифрлық сауаттылық», «Информатика» оқу пәндеріне ЖИ тақырыптарын кіріктірді. 2025–2026 оқу жылынан бастап аталған пәндерді оқытуда ЖИ негіздері, қағидаттары, қолдану ережесі, т.б. тақырыптар қамтылады. Оқушыға ЖИ қолданудың этикалық талаптары да түсіндіріледі. Жасанды зердені қолданушы адам академиялық адалдық талаптарын сақтауға тиіс. Оқушылар да осы талаптарды білуі қажет.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында еліміз үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек екенін айтты. Оған осы кезде әртүрлі салада алғышарттар қалыптасып үлгерді. Цифрлық шешімдердің арқасында медицина, білім-ғылым, кәсіпкерліктен бастап, әлеуметтік сала, мемлекеттік қызметтегі қауырт жұмыс біршама оңтайланды. Ашықтық қағидаты сақталып, қаржы үнемделді. Дәл осы мақсатта әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтерді де цифрландыруға басымдық беріліп отыр.
Бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырындағы 49 мемлекеттік қызметтің 45-і электрондық түрде қолжетімді. 28 қызмет бойынша проактивті формат енгізілген. Жыл басынан тамыз айына дейін көрсетілген 4,2 млн қызметтің 2,8 миллионы электрондық форматта болса, 1,2 миллионы проактивті түрде берілген. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 2 жаңа қызмет автоматтандырылды. Біріншісі – ересек, әрекеті шектеулі азаматтарға қадағалау немесе қамқоршылық орнатуға қатысты. Екіншісі – осы азаматтардың мүлкін және төлемдерін басқаруға рұқсат беру. Сондай-ақ қазір «eGov mobile» қосымшасында «Қамқоршылық орнату туралы мәлімет» жаңа цифрлық құжаты пайда болды. Жалпы, бұл қосымша арқылы әлеуметтік-еңбек салаcындағы 35 қызмет пен 8 цифрлық құжат қолжетімді. Бұдан бөлек, анықтамалық ақпарат беру қызметтерінің басым бөлігі мемлекеттік қызметтер тізілімінен шығарылып, пайдаланушы сұранысына қарай «eGov, «eGov-mobile», екінші деңгейлі банктердің қосымшалары сынды түрлі платформалар арқылы дер кезінде ұсынылып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді трансформациялау, цифрландыру жұмысы туралы жан-жақты айтып берді.
«Еңбекке орналастыру үдерісін ашық әрі ыңғайлы ету мақсатында еңбек мигранттары мен кәмелетке толмаған азаматтармен электрондық еңбек шарттарын, электрондық ұжымдық шарттарды жасақтау мүмкіндіктері енгізілді. «HR Enbek» порталында қызметкердің жеке кабинетінде еңбекке жарамсыздық парақшалары, кәсіподақтарға арналған автоматтандырылған жұмыс орны функционалды, штаттық кестелерді электрондық түрде жүргізу, сондай-ақ төтенше жағдай туралы хабарлау мүмкіндіктері қосылды», деген О.Анафин жасанды интеллект негізінде енгізілген, енгізу жоспарланған құралдар жайында баяндады.
Мемлекет басшысы, Үкімет жасанды интеллектінің келешегіне ерекше назар аударып отыр. Бірінші жартыжылдықта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі екі жасанды интеллект моделін енгізсе, жыл соңына дейін осындай тағы бірнеше жүйе іске қосылады деген болжам бар.
– Бірінші кезекте ЖИ үлгісі интеллектуалды чат-ботта қолданылады. Чат-бот «Enbek» цифрлық экожүйесінде операторлар жүктемесін азайту, қызмет сапасын арттыру мақсатында енгізілді. ЖИ арқасында пайдаланушылар онлайн режімде тәулік бойы жиі қойылатын сұрақтарға жауап, кеңес ала алады. Егер бот сәйкес жауап таба алмаса, өтініш операторға жіберіледі. Қазір шамамен 96 % өтініштер автоматты түрде, яғни қызметкердің көмегінсіз өңделген. Күн сайын чат-бот арқылы 600-ге жуық өтініш өңделеді,– деді вице-министр ЖИ мүмкіндігі мол екенін алға тартып.
Жыл басынан тамыз айына дейін ЖИ көмегімен 18,7 мыңнан астам өтініш қаралған. «Enbek.kz» қосымшасында ЖИ технологиясы бос жұмыс орындарын іріктейді. Резюмені өңдеуге орта есеппен 2 секундтан аз уақыт кетеді. Артынша сервис ұсыныстар бере бастайды. Бұл бос жұмыс орындарды таңдау уақытын 80 %-ға қысқартуға мүмкіндік берді. Енді министрлік ЖИ мүмкіндіктерін мүгедектік дәрежесін анықтауда тиімділікті арттыру үшін енгізуді көздеп отыр. Мұнда ЖИ медициналық қорытындыларды, сауалнамаларды, ауру тарихтарын және басқа мәліметтерді пайдалана отырып, мүгедектік дәрежесі мен санатын автоматты түрде анықтайды.
Жасанды интеллектіні пайдалану арқылы қызметкердің жүктемесі азаяды, мекемелердің әлеуеті артады, көп уақыт алатын жұмысқа бұрынғыдай адам жиі араласпайды. Нәтижесінде, рәсімдердің объективтілігі мен ашықтығы қамтамасыз етіледі. Бұл халықтың әлеуметтік қорғау жүйесіне сенімін нығайтады. Келешекте ЖИ атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде азаматтардың жалпы активтерін бағалау үдерісін автоматтандыруға қолданылатын болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы жұмыстармен шектелмей, бірыңғай цифрлық платформа, деректерді талдаудың интеллектуалды модельдері сияқты ЖИ-ді қажет ететін цифрлық құралдарды одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Өйткені бұл қадам жұмыс үдерістерін автоматтандырып, қызмет көрсетудің ашықтығы мен жылдамдығына әсер етумен шектелмейді. Қызметкерлердің жүктемесін азайтып, қаржы үнемдеуге, әлеуметтік-еңбек саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.