Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі арқылы рухани дипломатия нығайтылмақ

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы он жылдағы стратегиялық мақсат – Съездің жаңа институттары арқылы рухани дипломатияны нығайту. Бұл туралы елордадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының XXII отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлім етті.

«2022 жылдың қыркүйегінде өткен жетінші Съезде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында бекітілген «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің 2033 жылға дейінгі тұжырымдамасын» әзірлеу туралы бастама көтерді. Тұжырымдама Съездің одан әрі дамуының жалпы бағыт-бағдарын, миссиясы мен мақсаттарын анықтайды. Сондай-ақ Мәулен Сағатханұлы (Сенат төрағасы) аталған Тұжырымдаманы іске асыру жөнінде Іс-шаралар жоспарын бекітті», - деді А. Балаева.

Осы орайда Мәдениет министрі жоспар аясында атқарылған жұмыстарды жария етті. Біріншіден, Қазақстан Хатшылық пен Съездегі әріптестермен халықаралық қоғамдастықта тұжырымдаманы ілгерілету мақсатында маңызды жұмыстарды іске асырып жатыр. Съез серіктестерімен бірлесе отырып, Үндістан, Түркия, Мысыр мен Ватиканда тақырыптық дөңгелек үстел отырыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Қазақстан – әлемнің рухани астанасы» тақырыбында тақырыптық экспозициялар, көрмелер, мұрағаттық презентациялар өткізілді, онда біздің суретшілердің үздік жұмыстары ұсынылды. Сондай-ақ Қазақстан мен шетелдің жоғары оқу орындарында Съез Тұжырымдамасының идеяларын ілгерілету бойынша дәрістер сериясы іске асырылып отыр.

«Съез қызметі жөнінде әлемдік жұртшылықты хабардар ету мақсатында Съездер аралығындағы уақытта, оның ішінде үздік шетелдік БАҚ-та («Euronews», «BBS», «CNN», «Bloomberg», «Washington Post», «Al Jazeera», «Xinhua», «Vatican News») 1800-ден астам түрлі материал жарияланды. Тұжырымдама идеялары Қазақстанның мемлекеттік органдары мен шетелдегі дипломатиялық миссияларының, сондай-ақ Съездің халықаралық әріптестерінің 56 интернет-ресурсында көрініс тапты», - деді ведомство басшысы.

А. Балаева ертең Съезд тарихында алғаш рет Жас діни лидерлер форумы өтетінін атап өтті. Іс-шараның мақсаты – жаһандық сын-қатерлерді шешу жолында ұрпақтар сабақтастығын жалғау, бірлесе күш-жігер біріктіру.Форум аясында Съездер мен Хатшылықтардың діни материалдарының, электрондық кітапханасының, олардың қатысушыларының, халықаралық ұйымдар өкілдерінің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен сарапшылардың сөздері мен еңбектерінің таныстырылымы өтеді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

«Ізгі ниет елшілері институтын құру жөніндегі бастама іске асырылды. Бұл өте маңызды іс-шара және біз рухани дипломатияны дамытуда елшілерден үлкен үміт күтеміз. Бүгінде жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, Съезд тұжырымдамасы алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр. Алдағы он жылдағы біздің стратегиялық мақсатымыз – Съездің жаңа институттарын – әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің ізгі ниетті елшілерін және жас діни лидерлер форумын іске қосу арқылы рухани дипломатияны нығайту. Біз негізгі бағдарламаларды анықтап, осы мақсаттарға бірлесіп қалай жетуге болатындығы туралы нақты қадам жасап отырмыз», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІІ отырысында конфессиялар мен мәдениеттер арасындағы диалогқа жастарды көбірек тартудың маңызына тоқталды. 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT