Қызылқоғалықтар су тасқынына қарсы жұмыстарға ауызбіршілік танытты

Қызылқоға ауданы Миялы ауылының кәсіпкерлері Ойыл өзені тасқынын болдырмау үшін бөгет тұрғызып, жаға бекіту жұмыстарымен айналысып жатқан еріктілер мен төтенше жағдай қызметкерлеріне үш күннен бері үш мезгіл тәулік бойы ыстық тағам таратуда.

Бұл жұмыстарға Қызылқоға аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Алтынзер Баймұратованың ұйымдастыруымен 15 кәсіпкер жұмылдырылып, олар бір күнде 1500-ге жуық тамақ пен сусындар дайындайды.

- Ауданымызға сын-қатер төнген кезде ауыл үлкендері мен жастары қолға күрек алып, Ойыл өзененің жағасын бекітуде үздіксіз қызмет етіп жатыр. Біз соларға және барлық техникамен көмектесіп жатқан «АИС» ЖШС жұмысшыларын ыстық тағам түрімен қамтып жатырмыз. Мұнда кәсіпкерлер өздері тағам дайындайды. Тіпті үш күннен бері бизнес обьектілерінің жұмысын тоқтатып, осы істің басы-қасында жүр. Қазір де осы дайындалған тағамдарды ыстықтай күйінде жаға басына жеткіземіз,-деді А.Баймұратова.

Ауданда ыстық тамақ жасауға келмесе де, қаржылай көмек көрсетіп жүрген бизнес өкілдері де бар. Тағамдар «Бақыт» мейрамханасында дайындалды. Үздіксіз жұмыс істеп жүргендердің арасында Гүлзира Елеуғалиқызы да бар.

- Ел басына күн туғанда ерлеріміз етікпен су кешіп жүр. Таңның атысы, күннің батысы жаға басында. Солардың бірлесе істеген қарқынды жұмыстарының арқасында тасқынға төтеп беріп жатырмыз. Мен де өзімнің киім дүкенімнің есігін кілттеп, осы жерде жүрмін. Тек апаттан аман шықсақ екен,-деді Г.Елеуғалиқызы.

Бұл шараға қатысуда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы жанынан құрылған «Іскер әйелдер» бірлестігі мен жергілікті кәсіпкерлер белсенділік танытты.

Сондай-ақ, миялылық Серік Ожаевтың отбасы да «Бәйсеу» ықшамауданында бөгет тұрғызып, қапшыққа құм толтырып жатқандарды тамақтандырды. Осылайша, қызылқоғалықтар сын сәтте ауызбіршілік танытып, әркез жәрдем беруге әзір екендіктерін көрсетті.

Айта кету керек, су тасқынына қарсы жұмыстарда 3000-нан астам ерікті қарқынды жұмыс істеп жатыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT