Аудандағы Жасқайрат ауылында «Құрман» шаруа қожалығы мал өнімдерін өңдеуді қолға алды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сүт өңдеу цехының ресми ашылу салтанатына аймақ басшысының орынбасары Қайрат Нұртаев және аудан әкімі Қанат Әзмұқанов қатысты. Цехта тәулігіне 1 тоннаға дейін сиыр сүтін өңделеді. Кәсіп иесі Құрманбек Жаңабаевтың айтуынша, мұнда табиғи пастерленген сүт, қаймақ және айран, ірімшік өнімдері ешқандай қоспасыз өңделеді.
- Алғашқы өнімді аудандағы дүкендерге жібереміз. Қазір сүттің қаншаға сатылатыны есептелу үстінде. Десек те өнімнің бағасы қолжетімді болмақ. Өйткені мал мен сүт өңдейтін жабдықтардың барлығы қожалықтың қарамағында болғандықтан, бұл өз кезегінде өнімнің арзан бағамен сатылуына септігін тигізеді. Қазіргі таңда 10 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырмыз,- деді Қ.Жаңабаев
Бүгінде қожалықта 253 жылқы,137 түйе және 609 ірі қара, оның ішінде асыл тұқымды симментал 75 сиыр, 38 ангус, 41 қазақы «ақбас» сиыр малы бар. Осы төрт-түліктің өнімі цехтағы 5 түрлі қазандықта жиналып, ұйытылады. Кейін қаймақ пен сүті бөлініп, пастерленген бөтелкелерге құйылады. Анықтама үшін: аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласында 556 шаруа қожалық, 6 өндірістік кооператив, 5 жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді.