Қысқы Паралимпиада алауы Веронада тұтанады

АСТАНА. KAZINFORM —   Паралимпиадалық спорттағы ең ірі оқиғаға бір ай ғана қалды. Ұлыбританияның Сток-Мандевилл қаласында – паралимпиадалық қозғалыстың рухани бесігі саналатын мекенде – өтетін салтанатты рәсім 2026 жылғы Милан және Кортина-д’Ампеццо қысқы Паралимпиадасының алау сапарына ресми түрде бастау алады, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Паралимпиада алауын жағу рәсімі 24 ақпанда өтіп, шамамен 400 қонақтың басын қосады. Осылайша Италия аумағы бойынша 2000 шақырымға созылатын алау эстафетасы басталады. Оның шарықтау шегі 2026 жылғы 6 наурызда Верона аренасында өтетін ашылу салтанаты болмақ.

Қазіргі таңда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысаны мәртебесіне ие тарихи рим амфитеатры іс-шараға дайындық аясында жаңғыртылды. Арнайы пандустар орнатылып, санитарлық тораптар жөнделді, спортшылардың қозғалысы мен күтуіне арналған аймақтар жасақталды, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі көрермендерге арналған орындар қайта ұйымдастырылды.

Паралимпиада алауын жағу құрметі Ұлыбритания атынан үш мәрте Паралимпиада ойындарына қатысып, тау шаңғысы спортынан төрт дүркін жүлдегер атанған Милли Найтқа, сондай-ақ Италияның паралимпиадалық хоккей құрамасының капитаны, алдағы бесінші Паралимпиадасына дайындалып жатқан Андреа Макриге беріледі.

Паралимпиадалық қозғалыстың қалыптасуындағы Сток-Мандевиллдің рөліне арналған іс-шараға Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонс, ParalympicsGB ұйымының төрағасы Дэн Брук және WheelPower атынан Бакингемшир графтығындағы Ұлы мәртебелінің лорд-лейтенанты графиня Элизабет Хоу қатысады.

Алауды жағу рәсімінен кейін ITA Airways әуе компаниясының арнайы рейсі паралимпиадалық отты Миланға жеткізеді. Одан әрі ол Турин қаласына жеткізіліп, 2006 жылғы Туриндегі қысқы Паралимпиада ойындарының 20 жылдығына арналған алғашқы Алау фестивалінің басты нышанына айналады.

Алау фестивальдері Миланда (25 ақпан), Больцанода (27 ақпан), Трентода (28 ақпан) және Триесте (2 наурыз) өтеді. Әрбір кезең паралимпиадалық қауымдастық пен оның құндылықтарын насихаттауға және жұртшылықты тартуға мүмкіндік береді.

4 наурызда эстафета алауды Венецияға жеткізеді. Мұнда қала тұрғындары, мектептер мен қауымдастықтардың қатысуымен алғашқы салтанатты шара өтеді. Келесі күні эстафета Падуяға бағыт алып, мерекелік шаралар Венето өңіріне тарайды. 6 наурызда паралимпиадалық алау сапарын Верона аренасында аяқтайды. Айта кетейік, Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты алғаш рет ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысанында өтпек.

2026 жылғы Милан және Кортина-д’Ампеццо қысқы Паралимпиада ойындары 6–15 наурыз аралығында өтеді. Жарыстарға шамамен 50 елден 665-ке дейін спортшы қатысып, алты спорт түрі бойынша 79 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазақстан атынан екі спорт түрі бойынша жеті спортшы бақ сынайды.

XIV қысқы Паралимпия ойындарына қатысатын ұлттық құрама тізімімен мына сілтемеден таныса аласыз.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT