Соңғы уақытта жасөспірімдер арасында интернет-платформалар арқылы тыйым салынған қауіпті заттарды заңсыз сатып алу және қолдану деректері анықталуда.
«Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабына сәйкес, елімізде лақтырылатын серіппелі қарудың, ұрып-уататын немесе лақтыратын әсері бар қару ретінде арнайы бейімделген заттардың айналымына қатаң тыйым салынады.
Сонымен қатар, суық қаруды заңсыз алып жүру немесе сату ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтырады.
Қазақстан заңнамасы жасөспірімдерге қару мен қауіпті заттарды алып жүруге қатаң тыйым салады. Мұндай әрекеттер – олардың өз өміріне де, айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне де үлкен қауіп төндіреді.
Құрметті ата-аналар!
Балаларыңыздың жүріс-тұрысына мұқият көңіл бөліп, интернет арқылы немесе дүкендерден заңсыз сатылып жатқан пышақ, қару-жарақ секілді заттарды сатып алмауын қадағалауларыңызды сұраймыз. Қауіпті немесе заңсыз заттар туралы ақпаратты бірден тиісті органдарға хабарлаңыздар. Жасөспірімдерге құқықтық білім беріп, заңға қайшы әрекеттің зардаптарын түсіндіріңіздер.
Заңға қайшы кез келген әрекеттен сақ болайық!