Оның 158 шақырымы Қиғаш, 106 шақырымы Шарон өзенінің бойында орналасқан. Барлық бөгеттің техникалық төлқұжаттары жасақталып, ауылдық округтердің теңгеріміне алынған.
Аудан әкімінің кеңесшісі Ернар Боранғалиевтің айтуынша, бүгінде Шортанбай, Көптоғай, Дыңғызыл ауылдарының тұсында тұрғызылған дамбылардың аса қауіпті деп танылған учаскелерін бекемдеу жұмыстары жүргізілуде. Ауданда төтенше жағдай орын алғанда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіретін 26 тұрақты және 5 аралық эвакуациялық қабылдау бекеті жұмыс жасайды. Тасқынға қарсы жоспарланған және шұғыл түрде атқарылатын жұмыстарды жүзеге асыруға қажетті адам күші мен техника-көліктер дайындық сапына қойылып, дабыл қағу құрылғылармен, бірінші кезекте керекті заттармен, азық-түлік қорымен жеткілікті дәрежеде қамтылды. Өзендер мен айдындардағы судың деңгейін анықтап, туындауы ықтимал төтенше жағдайды ескерту, тиісті шарасын дер кезінде алу мақсатында бақылау гидробекеттері іске қосылған. Бұл жөнінде көршілес Ресей Федерациясының уәкілетті органдарымен байланыс та бар. Мұнда әсіресе Еділ өзеніндегі ахуалға айрықша назар аударылады. -Өр суы келу қаупі бар барлық елді мекенде қорғаныш бөгеттерін салып, барынша нығайтып, жөнге келтіру үшін белгіленген құрылыс жұмыстарына қажетті қаржы көлемі нақтыланды. Оны жүзеге асыратын мердігер мекемелер анықталды. Тұтастай алғанда ауданда топан судан келетін төтенше жағдайдың алдын алуға дайындық қарқынды, – дейді аудан әкімдігінің өкілі.
Дәулетқали АРУЕВ