Халқымыздың тарихында қилы-қилы замандар өтті. Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ Ұлттық музыкалық драма театрында ұсынылған «Алтайдан ауған ел» спектаклі осы кезеңдердің бірін сахнада шынайы түрде бейнелеп, көрермен жүрегіне жеткізуде. Қойылымның көрермен назарына ұсынылып келе жатқанына үш жылдың жүзі өтіпті. Ал Шығыс Түркістаннан кетуге мәжбүр болған қазақтардың Түркияға қоныс аударғанына 70 жылдан асты.
«Алтайдан ауған ел» спектаклі халқымыздың бір дәуірдегі қиын-қыстау кезеңдерін, тағдырдың ауыртпалықтарына мойымай өткен көштің тарихын суреттейді. Бұл спектакльде басты кейіпкерлердің бірі болып, Алтайдан Анадолыға дейінгі азапты жолда қаралы көштің ауыртпалығын көтеріп, кейін туған еліне ақсақал боп оралған Халифа Алтай мен Қалибек Хакім көрініс табады. Олардың ерлікке толы өмір жолдары, зұлмат жылдардағы қиындықтарға қарамастан, қазақ халқының адамдықтан айнымай, діні мен ділін, дәстүрі мен салтын берік ұстанғаны суреттеледі.
Спектакльдің пьесасы Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» және Хасен Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» кітаптарының негізінде жазылған. Түрік жазушысы Исмаил Шыңғыс бұл көшті үлкен трагедия деп бағалаған. 1950-1960 жылдары Түркияның бас министрлік қызметін атқарған Аднан Мендерестің қазақ халқына жасаған жақсылығы мен Анадолы жерінің әлемдегі барлық түріктердің панасы болғаны да қойылымда көрініс тапқан.
Режиссер Фархад Молдағали көштің көркемдік құрылымын беймәлім бостандыққа қарай бет түзеген ұзын көштің тым ұзақ сапарын актерлердің тізбектей жалғасқан жүрісіне құрып, көрерменді өзіне елітудің барлық тәсілдерін оңтайымен қолданған. Спектакльдің сахналық нұсқасын Мирас Әбіл жасаған.
Спектакльдің атмосферасы азап пен арпалысқа толы, сына жаздап сынбаған рухты, ауыса жаздап орнында қалған ақыл мен естің күшін көресің. Мұнда басты кейіпкер жоқ, керісінше қатал заманның қайғылы қамытын арқалаған халықтың бүтін кескіні бар. Тұтасымен қара матамен көмкерілген сахнада артық зат жоқ, бұл режиссер мен суретшінің халық трагедиясын бос кеңістікте көрсетуді мақсат еткенін аңғартады. Хордың Алмахан Кенжебекованың «Түйелер» әнін орындауы да әрбір қазақтың санасын жаншып, намысын таптаған күрделі уақыттың атмосферасын қоюлатқан.
Спектакльдің басты артықшылығы – актерлік құрамның мықтылығында. Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қуандық Қыстықбай, Нұркен Өтеуіл, Айнұр Бермұхамбетова, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алтынай Нөгербек, «Құрмет» орденімен марапатталған Ержан Нұрымбет сынды талантты әртістердің өнері қойылымның көркемдік деңгейін көтерген.
Фархад Молдағали бастаған шығармашылық ұжымның еңбегі мен ізденісі жоғары бағаға ие болуға әбден лайық. Бұл қойылым өткен уақыттың өкінішіне назар аудара отырып, тәуелсіздіктің, тыныштықтың қадірін білуге үндейді. Қойылым барысында қатты және баяу берілетін музыкалық сүйемелдеу, сахнаны алып жатқан түтін – бәрі де өткен ғасырдың басындағы қазақ халқының шерлі күйін ашып береді. Сөзден гөрі қозғалыс пен қимыл басымдық танытады, бұл тәсіл арқылы режиссер драматизм мен психологиялық дәлдікті көрерменге жеткізеді. Сахна төрінде актерлердің өнері, тіпті ең ұсақ детальдар да терең мағынаға ие.
Осындай тарихи тағылымы мен көркемдік құндылығы жоғары «Алтайдан ауған ел» қойылымы Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп білеміз. Бұл спектакльдің көрермен жүрегіне жол табатынына сенімдіміз.
Баян Сүйеуова