ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов Атырауға жұмыс сапарын 2024 жылы су тасқыны кезінде бүлінген Орал-Атырау тасжолының мәселесімен танысу мақсатында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының ұжымымен кездесуден бастады. Кездесу кезінде өңірдегі жол инфрақұрылымының жай-күйі мен атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты талқыланды.
Филиал директоры Ардақ Қайреденов депутатқа облыста жүзеге асырылып жатқан республикалық маңызы бар автожол жобаларын таныстырып, негізгі бағыттар бойынша мәлімет берді.
Кездесуде Дүйсенбай Нұрбайұлы жол мәселесінің өңір үшін ең күрделі бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– Атырау – Астрахан тасжолының құрылысын төрт-бес жылдан бері қадағалап келемін. Бүгінде құрылыс аяқталып, орташа жылдамдық сағатына 110 шақырымға өзгерген. Сапасы талапқа сай жасалғаны қуантады. Қазір айналма жолдың құрылысы жүріп жатыр. Бұл жол өңір үшін өте қажет, уақытында бітсе, қозғалыс айтарлықтай жеңілдер еді.
Биыл басталатын Атырау – Доссор тасжолы құрылысының мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп, қаржысы шешілді. Бүгінде 2 жыл бұрын су тасқынынан кейін қатты зардап шеккен Атырау – Орал тасжолының қалпына келтіру жұмыстары баяу жүріп жатыр, жобаның қаржы мен құжат мәселесін қайта пысықтау қажет, - деді ол.
Сонымен қатар, жол сапасын жақсарту, құрылыстарды уақытылы аяқтау және өңір халқы үшін маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру алдағы басты міндеттердің бірі екендігін атап өтті.
Мәжілісменнің бүгінгі жұмыс сапары Индер ауданында жалғасын тапты.



