ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі АМӨЗ-дің экологиялық жобаларымен танысты

Атырау мұнай өңдеу зауытына жұмыс сапарымен ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев келді. Делегация құрамында ЭТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов және орынбасары Әлібек Бекмұхамбетов, Атырау облыстық экология департаменті басшысының м.а Ерлан Есенов, мемлекеттік экологиялық бақылау басқармасы, экология департаменті, сондай-ақ KAZENERGY ассоциациясы мен «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰҚ өкілдері болды.

Кездесу барысында өндірістік процестің қоршаған ортаға әсерін азайту мақсатында «АМӨЗ» ЖШС іске асырып жатқан жобалардың жайы талқыланды. Зауыт мамандары қонақтарға жаңа механикалық тазарту қондырғылары мен ағынды суларды биологиялық тазарту жүйесінің жұмысы туралы айтты. 2024 жылдың мамыр айында механикалық тазарту кешенін реконструкциялау жобасы аяқталған болатын. Нәтижесінде көмірсутектер иісінің ашық көздері жойылды, тазарту жүйесінің қуаты мен мұнай шламдарын өңдеу көлемі артып, ағынды суларды тазарту сапасы жақсарды.

Кездесуде қоршаған ортаға шығарылатын эмиссияларды мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесін (МАЖ) енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Делегация катализатордың үздіксіз регенерациясы бар каталитикалық риформинг қондырғысы мен жылу және электр энергиясы өндірісінің түтін мұржаларында орнатылған мониторинг жүйесінің жұмысымен танысты. АМӨЗ мамандары МАЖ көмегімен тек шығарындылар көлемін бақылап қана қоймай, қажет болған жағдайда технологиялық көрсеткіштерді жақсарту үшін режимді ретке келтіретіндерін атап өтті.

«АМӨЗ» ЖШС бас директоры Ғалымжан Жусанбаев қазіргі таңда кәсіпорынның штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын, тауарлық өнім шығару және жөнелту процесі тұрақты жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Кездесу соңында Жомарт Әлиев өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартудың маңыздылығын айтып, кәсіпорын басшылығына тиісті жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT