Соңғы жылдары ауданның инфрақұрылымдары жаңғыртылып, ауылдар адам танымастай өзгерді. Әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған игілікті істер қаншама?
Аудандық «Жайық шұғыласы» газетінде апта сайын қоныс тойын жасап, қуаныштан жүрегі жарылардай болып жүрген баспанаға мұқтаж жандар туралы сүйінші хабарларды оқып, көңіліміз марқайып қалады. Аудан орталығы-Махамбет ауылын да қазіргі сән-салтанатына қарап, шағын қала деп ұялмай айтуға болады. Көшелердің барлығы дерлік тасжол төселген. Тіпті қуыс-қуысты қуалап, айналма жол салған. Жаяу жүргіншілер жолы төселді. Бұрындары жауынды лайсаң күндері жаяу жүргіншілер көше бойлап, автокөлік жолдарынан шықпай, қиындық туғызатын.
Қазір көлік өз жолымен, жаяу адам өз жөнімен жүретін болды. Мұның өзі түрлі төтенше жағдайлардың алдын алып, жол қауіпсіздігін сақтауға да септігін тигізері сөзсіз. Осының бәрін көріп отырып, шіркін, біздің көшеде де осындай бір той болатын күн болар ма екен деп армандап қоямыз.
Өйткені, Махамбет ауылының жасыл белдеу жақ бетіндегі Мұрат Мөңкеұлы, Сырым Датов көшелері жаңбыр жауса болды, көлік түгілі жаяу адамдардың батпақтан аяқ алып жүруі мұң болады. Шошқа фермаға қарай созылып жатқан бұл аумақта құрылыс қарқынды жүріп, жаңа үйлер бой көтерген. Осындай шет жақтағы көзден таса көшелерге де ауыл, аудан әкімдері көз қырын салып, тас жол төсеуді алдағы жылдың жоспарына енгізсе деген ұсынысым бар.
Бұл жоғарыда айтылған екі көше тұрғындарының ортақ ұсынысы.
Қ.Слиханов,
Махамбет ауылының тұрғыны
Сурет:дереккөз