Конституциялық реформа: Президент Тоқаевтың бастамалары шетелдік БАҚ назарында

АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform агенттігі ел үшін жаңа саяси дәуірдің басталуына жол ашатын реформалардың халықаралық деңгейде қалай жарияланып жатқанына шолу жасап көрді.

 

2025 жылғы 8 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бір палаталы Парламент құруды ұсынды және бұл реформаны «өте маңызды мәселе» деп атап, асығыстықтан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды The Times of Central Asia.


Басылымның мәліметінше, биыл 15 наурызда азаматтар шамамен жарты жыл бойы әзірленген жаңа Конституция жобасына дауыс береді. Бастама бастапқыда Парламентті қайта құрылымдаудан басталып, кейін Ата заңның жаңа жобасын дайындауға ұласты. Жұмыс тобы 2 мыңнан астам ұсынысты қарастырды, ал 2026 жылғы қаңтарда 130 мүшеден тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Қорытынды жоба сайлаушыларға: «Сіз Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қояды.

Басылым атап өткендей, Қасым-Жомарт Тоқаев «ешкім қолданыстағы Конституцияның маңызын төмендетуді мақсат етпейді» деп мәлімдеп, оның Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қабылданғанын және «біздің мақсаттарымызды, құндылықтарымызды және қағидаттарымызды жаңарту аса маңызды» екенін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы протекционизмнің күшеюі мен геосаяси өзгерістерге назар аударып, «негізгі оқиғалар әлі алда» екенін ескертті. Басылым қазақстандық саясаттанушы М. Шибұтовтың пікірін келтіріп, «қауіпті әрі тұрақсыз кезең жаңа саяси жүйені талап ететінін» жазған.

Euronews: Қазақстан жаңа Конституциясын қабылдау бойынша референдум өткізеді

Euronews та Қазақстан 15 наурыз күні жаңа Конституция бойынша референдум өткізетінін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия түпкілікті жобаны ұсынғаннан кейін тиісті жарлыққа қол қойғанын хабарлады.

— Ұсынылып отырған түзетулер өкілеттіктерді қайта бөлуге, тепе-теңдік жүйесін нығайтуға және ең бастысы, барлық саяси институттардың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді, — деді Қ. Тоқаев.
Ел Президенті қазіргі Конституцияның соңғы 30 жылдағы рөлін жоғары бағалай отырып, бұл құжат «Тәуелсіздігіміздің қалыптасуының алғашқы қиын жылдарының ізін сақтап отырғанын» және «еліміздің мақсаттары, құндылықтары мен қағидаттарын жаңарту уақыты келгенін» атап өтті.


Жоба вице-президент лауазымын қалпына келтіруді, билік сабақтастығы ережелерін өзгертуді және неке мен халықаралық құқыққа қатысты ережелерді қайта қарауды көздейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды өкілетті Парламенті бар президенттік республикаға көшіруге бағытталған конституциялық реформалар туралы жариялады. Бұл өзгерістер шамадан тыс орталықтандырылған атқарушы билік моделінен өкілеттіктерді қайта бөлуді көздейді, деп хабарлайды Yeni Şafak.

Басылымның жазуынша, Қазақстан «суперпрезиденттік» жүйеден бас тартып, ауқымды саяси реформаны жүзеге асырып жатыр. Сейсенбі күні Астанада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ықпалды Парламентке сүйенетін президенттік республикаға көшу бағытын айқындады. Бұл — соңғы жылдары жүргізіліп келе жатқан реформалардың жалғасы.


Тоқаев ұсынылып отырған конституциялық түзетулер «күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген «мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесін» қалыптастыруға бағытталғанын мәлімдеді. Ол өзгерістер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік жүйесін нығайтуға, өкілеттіктерді қайта бөлуге, сондай-ақ барлық саяси институттардың тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Yeni Şafak басылымының бағалауынша, Президент жаңа жобаны 2022 жылғы конституциялық реформаларға сүйенетін Қазақстанның саяси эволюциясындағы заңды қадам ретінде таныстырды. Қ. Тоқаевтың айтуынша, түзетулер 2019 жылдан бері ел ұстанып келе жатқан «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатын одан әрі нақтылай түседі.

Anadolu Agency: Қазақстан «суперпрезиденттік» басқару формасынан бас тартады — Президент

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сейсенбі күні елдің «суперпрезиденттік» жүйеден бас тартып, ықпалды Парламенті бар президенттік республикаға көшетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Anadolu Agency.

Астанада сөйлеген сөзінде Қ. Тоқаев «Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан түбегейлі бас тартып, ықпалды әрі беделді Парламенті бар президенттік республикаға көшетінін» мәлімдеген.


Ел Президенті ұсынылып отырған конституциялық түзетулер — 2022 жылғы конституциялық өзгерістермен басталған саяси реформалардың жалғасы екенін түсіндірді. Жаңа Конституция жобасы «күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет» формуласы негізінде билік тармақтарының теңгерімін қалыптастыруға бағытталған.

Тоқаев өзгерістер тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайтып, өкілеттіктерді қайта бөлетінін және саяси институттардың тұрақтылығын арттыратынын атап өтті. Сонымен бірге, 2019 жылдан бергі саяси бағытты айқындайтын « адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты нақты мазмұнға ие болғанын айтты.

Eurasianet: Тоқаев жаңа Конституцияны жоспарлауда, 15 наурыздағы референдум, билік сабақтастығы

Eurasianet мәліметінше, Қазақстан 1993 жылдан бері үшінші Конституциясын қабылдауға бет алды. Басылымның жазуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жаңғыру атқарушы және заң шығарушы билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, мемлекетті жаңғыртатынын мәлімдеді. Ол Ұлттық құрылтай отырысында «ірі, түбегейлі өзгерістердің уақыты келгенін» айтып, 2026 жылды «тағдыршешті» жыл деп атаған.


Жоба бір палаталы Парламент енгізуді және вице-президент лауазымын қайта қалпына келтіруді көздейді. Тоқаевтың айтуынша, вице-президент институтын қайтару «басқаруды тұрақтандырып», «мемлекеттік иерархияға айқындық енгізеді». Жаңа Конституция қабылданған жағдайда (бұл ықтималдығы жоғары деп бағалануда) вице-президент Қазақстанды халықаралық аренада таныстырып, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасайтын болады.

Қазақстан Конституциясындағы алдағы өзгерістерді ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары да белсенді түрде жарияланып жатыр. Ресейлік Известия газеті «Қазақстандағы саяси реформалардың мәні неде? Шолу» атты талдамалық мақала жариялап, онда ұсынылып отырған өзгерістерді қарастырған.

Мақалада жаңа Конституция ең алдымен экономикалық және инфрақұрылымдық дамуға басымдық беруі қажеттігі аталған. Үкіметке өсу стратегиясын әзірлеу, инфляцияны төмендету және мұнай өңдеу саласын жаңғырту тапсырылған. Сонымен бірге, ел мал шаруашылығындағы жүйелі проблемаларды шешуге және мұнай-химия саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге назар аударған.

Ұсынылған барлық түзетуді жалпыұлттық референдум арқылы қабылдау жоспарланып отыр.

Бұған дейін елімізде апта ішінде болған маңызды кадрлық тағайындауларға шолу ұсынған едік.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT