Әрлеуші – аса жауапкершілікті талап ететін кәсіп. Құрылысшылар мен әрлеушілердің біліктілігі мен кәсіпқойлығының арқасында жаңа ғимараттар, мектептер, ауруханалар мен көп қабатты тұрғын үйлер сән-салтанатымен көз тартады.
Олардың қолтаңбасы кез келген құрылыс нысанының ажарын ашып, көркін келтіреді. Осындай жауапты әрі күрделі жұмысты атқарып жүрген еңбек адамдарының ішінде белі қайысып, орамалы желбіреп, нәзік қолдарымен талай құрылысты атқарған нәзікжандар да бар. Солардың бірі – Тұщықұдық ауылының тумасы, үш баланың анасы, әрлеуші Болған Есенғалиева туралы сөз етпекпіз. Кейіпкеріміз қосымша жұмысы ретінде осы салада 18 жылға жуық еңбек етіп келеді. Өмірлік жағдайға байланысты бірнеше жұмыстың басын қосып, ұршықша иіріп жүр.