Қыс мезгілінде қар, көктайғақ пен қалың тұман жүргізушілер үшін қозғалысты қиындатып, жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін күшейтеді. Осыған байланысты Атырау облысының республикалық маңызы бар тас жолдарында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда.
Қар аралас жаңбыр жауып, ауа райының күрт өзгеріп, көктайғақ болуына байланысты республикалық маңызы бар Ақтөбе-Атырау-Астрахань тас жолында барлық көлік құралдарының қозғалысына шектеу енгізілді.
Осы ретте, қолайсыз ауа райы кезінде полиция қызметкерлері көктайғақ пен тұман салдарынан қозғалысы қиындаған автокөліктерді сүйемелдеп, жүргізушілерге қауіпсіз бағыт-бағдар беріп, ескерту және түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруда.
Құрметті жүргізушілер! Ауа райы күрт өзгерген жағдайларды ескеру үшін алдын ала жолданатын 112 арнасының хабарламаларына назар аударыңыздар, жолда барынша мұқият болып, қауіпсіздікті бірінші орынға қойыңыздар.



