Жылыой ауданында құрылған Төтенше жағдай жөніндегі қоғамдық штаб күні бүгінге дейін 3600 адамға құқықтық көмек көрсетіп, кеңестер берді.
Жылыой ауданының ТЖ Қоғамдық штаб төрағасы Ерқұл Дәулетбаевтың мәлімдеуінше, штаб құрамындағы мамандар 1200 тұрғынға бір жолғы материалдық көмекке құжат жинауға көмек көрсеткен. «Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Олардың арасында әлеуметтік желілерді қолданбайтын егде жастағы азаматтар да бар.
Басқа да себептермен қажетті мәлімет ала алмай жатқан тұрғындар да бар. Әрі қажетті ақпараттармен де бөлісіп отырмыз» деді Жылыой ауданының Қоғамдық штаб төрағасы Ерқұл Дәулетбаев. Еске сала кетелік, ТЖ жөніндегі қоғамдық штаб құрудың мақсаты - өңірлерде тұрғындармен тиімді коммуникациялар құру, су тасқынынан зардап шеккендерге консультациялар беру және әлеуметтік шаралар туралы кеңінен ақпарат беру.
Бұған несие мен ипотека төлемдерін кейінге қалдыру, тұрғын үй үшін өтемақы төлеу, бір реттік материалдық көмек, бүлінген мүлікке өтемақы төлеу, үйлерді жөндеу және қалпына келтіру және басқа мәселелер кіреді. ТЖ жөніндегі қоғамдық штаб Махамбет даңғылы, N9 орта мектеп акт залы мекен-жайы бойынша орналасқан. Штабтың жұмыс кестесі сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін.