Көлік өндірісі: жаңа жобалар және тұтынушы таңдауы

Елімізде көлік жасау өнеркәсібі соңғы жылдары қарқынды дамып, экономиканың маңызды драйверіне айналды. Мемлекеттік бағдарламалар мен жеке инвестициялардың нәтижесінде жаңа өндіріс орындары ашылып, автомобиль құрастыру көлемі жылдан жылға артып келеді. Сала министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, биыл жаңа өнім шығару және зауыттарды жаңғырту бойынша 20-дан астам жоба жүзеге асырылып, мыңдаған жұмыс орындары ашылған. Соған орай көлік жасау ісінің жетекші зауыттардың бірі Hyundai Trans Kazakhstan өндірісінің жемісі мен жетістігін, жоба мен жоспарын сұрап білдік, деп жазады Egemen.kz,

Қазақстан автокөлік одағының дерегінше, 2024 жылы елімізде 44 мыңнан астам Hyundai көлігі сатылып, биылғы бес айда 20 мыңнан аса автокөлік иесін тапқан. Дистрибьютор да бұл деректерді растай отырып өндірістің үш жыл қатарынан сатылым көрсеткіші бойынша бірінші орынды иеленіп, көш бастап тұрғанын мәлімдеді.

Тұтынушы таңдауын айқындайтын факторлар

Көлік өндірісіндегі сұранысқа әсер ететін негізгі факторларды мамандар бірнеше бағытқа бөледі. Біріншіден, баға мен сапа арақатынасы. Еліміздегі тұтынушылардың басым бөлігі орта тапқа жатады, олардың сатып алу қабілеті шектеулі. Сондықтан «арзан, бірақ сенімді» көліктерге сұраныс жоғары. Сарапшылардың пікірінше, баға тек бастапқы құнды емес, көліктің бүкіл өмірлік цикліндегі шығындарды қамтиды: жанармай үнемділігі, қосалқы бөлшектердің қолжетімділігі, сервистік қызметтің шығыны.

Екіншіден, заманауи дизайн мен технологиялық жабдықталу деңгейі. Қазіргі тұтынушы көлікті тек қозғалыс құралы емес, әлеуметтік мәртебе мен күнделікті өмірдің бір бөлігі ретінде қабылдайды. Hyundai Auto Kazakhstan сарапшылары көліктің қауіпсіздік жүйелері, жүргізушіге көмекші функциялар, мультимедиялық интерфейстің қазақ тілінде болуы сияқты қосымшалар шешуші рөл ойнайтынын айтады:

«Ел тұрғындары арасында Tucson, Elantra, Mufasa және Santa Fe модельдері танымал. Бұл ең алдымен сенімділігі дәлелденген қозғалтқыштар мен беріліс қорабына, баға мен сапаның оңтайлы арақатынасына, заманауи дизайны мен бай жабдықталуына байланысты», дейді.

Үшіншіден, дилерлік орталықтар мен сервистік қызметтің кеңеюі. Ел аумағы кең болғандықтан, сервис қолжетімділігі сатып алушы сеніміне тікелей ықпал етеді. Егер ресми орталық көп болса, тұтынушы өз таңдауына сенімді болады. Бұл жерде қосалқы бөлшектердің жеткіліктілігі де маңызды.

Төртіншіден, trade-in жүйесі сияқты қолжетімді тетіктердің дамуы. Бұрын ескі көлікті сатып, жаңасын алу үшін айлап уақыт қажет болса, қазір trade-in бұл үдерісті жеңілдетті. «Trade-in жүйесі Қазақстандағы барлық ресми Hyundai дилерлік орталықтарында жұмыс істейді. 2025 жылдың алғашқы бес айында Hyundai сатып алған клиенттердің 6 пайызы осы қызметке жүгінді. Бұл – ескі көлікті заңды әрі ыңғайлы жолмен жаңа көлікке жаңарту мүмкіндігі», деп түсіндіреді Hyundai мамандары. 

 

Қаржыландыру – шешуші тетік

Жоғарыда аталған факторлардың бәрі маңызды болғанымен, тұтынушы үшін басты мәселе – қолжетімді баға. Автонарықта тиімді несие болмаса, баға мен сапа, дизайн мен сервиске қатысты артықшылықтардың бәрі нақты сатып алуға апармайды. Hyundai бұл бағытта әжептәуір тәжірибе жинақтаған.

«2025 жылдың бірінші жартыжылдығында жылына 4 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген автонесие бағдарламасы жүзеге асты. Бұл мемлекеттік бағдарлама емес, дистрибьютордың екінші деңгейлі банктермен бірлескен арнайы ұсынысы болды. Ол барлық модельдерге таралды, ал Palisade үшін – 1%, Tucson үшін – 3,5%. Алайда мұндай бағдарламалар тұрақты емес, қазіргі таңда 4 пайыздық несие уақытша тоқтатылды», дейді компанияның ресми жауабы.

Бүгінде ең көп сұраныс бес жылға берілетін, бастапқы жарнасы 10-30 пайыз аралығындағы несиелерге түсіп отыр. Hyundai мамандарының айтуынша, тәжірибе көрсеткендей, бес жылдық өтеу мерзімі ай сайынғы төлем мен жалпы артық төлем арасындағы теңгерімді сақтайды. Бұл азаматтардың қаржылық жоспарлауға бейімделгенін аңғартады.

Жаңа модельдер және өндірістің кемелденуі

Көлік өндірісінің әлеуетін бағалауда жаңа модельдердің шығуы ерекше орын алады. Жақын арада Алматыдағы зауытта жаңартылған Hyundai Palisade моделінің өндірісі басталады. Сатылымы 2025 жылдың тамыз айына жоспарланып отыр. Мақсаты –  модельді жаңарту ғана емес, отандық өндірістің технологиялық деңгейін арттыруға бағытталған. Сарапшылардың айтуынша, алдағы уақытта гибридті және электрлі модельдерге назар аудару – уақыт талабы.

Сонымен қатар, қосалқы бөлшектерді жергілікті өндіру кеңейіп келеді. Алматы индустриялық аймағында орындық шығаратын зауыт іске қосылды, мультимедиялық жүйелерді өндіретін кәсіпорын жұмысын бастады. Бұл – еліміздегі автомобиль өндірісінің әлеуеттенгенін білдіретін маңызды қадам.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT