Кітаппен өткен күзгі демалыс

Күзгі демалыс – оқушылар үшін демалып, жаңа күш жинайтын тамаша уақыт. Сондықтан өсіп келе жатқан жас өрендердің кітапқа деген қызығушылығын арттыру маңызды мәселе. Кітап оқу арқылы адамның ой-өрісі кеңейіп, тіл-байлығы дамып, сөйлеу мәдениеті артады.

Биылғы күз айының оқу демалы­сында Жалғансай орта мектебінде «Балалар кітапханасы» жоба­сы аясында «Күзгі демалыста кітап оқимыз» атты әдеби шара ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арт­тыру, оқу мәдениетін қалыптастыру және бос уақытты тиімді пайдалану.

Шараға 2-4 сынып оқушылары бел­сене қатысты. Әр сынып оқушылары өз таңдаған кітаптарын оқып, сол кітап бойынша еркін пікірін, ерекше алған әсерін, ертегілер тақырыбындағы («Қазақ халық ертегілері», «Үш аю», «Ұр тоқпақ», «Торғай мен тышқан», «Сиқырлы кітап») кітаптарды оқыған кезде басқа әлемге енгендей сезінгенін, достық, батылдық, мейірімділік тақырыбында («Жақсылық ұмытылмайды», «Біреуге ор қазба», «Қырық өтірік») оқығанда өз до­старын одан сайын жақсы көріп, қадірлейтінін, жаңашыр болуға үйренгенін, әрқашан көмекке ұмтылатынын айтты. «Бала айдаһар», «Керқұла атты Кендебай», «Айдаһар», «Түйенің мүйізі қайда?» секілді фантазиялық тақырыптарды оқығанда өз таңданысын жасыр­май, қиял әлемге енгенін ортаға салды. Кейбір оқушылар «Жол­барыс пен тышқан», «Түймеқыз», «Джунгли кітабы», «Тойқұмар тасбақа» кітаптарындағы сүйікті кейіпкерлерінің бейнесін ақ қағазға салып келген.

Ал нағыз шығармаға беріліп оқыған оқушылар кітаптағы кейіпкерлерін ой-санасында бейне­леп, жадында мәңгі сақтау үшін сол шығарманының кинофильм («Менің атым Қожа», «Маугли») форматында қарап, зерттеп келген. Кей оқушылар өз таңдаған кітаптарын үйден жай оқып қана қоймай, оны бейнеролик­ке баспалап («Қу түлкі мен ұмытшақ аю», «Альберт Энштейн деген кім?», «Дәуіт атайдың ертегілері», «Исаак Ньютон», «Мари Кьюри деген кім?»), «Міне, мен оқыдым» деп дәлел ретінде де алып келген.

Мектеп кітапханасында «Кітапхана әлеміне саяхат!» атты көрме шарасы ұйымдастырылып тұрады. Онда әр сынып жетекшісі өз оқушыларымен келіп, мектеп кітапханасы жай­лы мағлұмат алады. Кітапханадағы көркем әдебиет, балалар әдебиеті, орыс балалар әдебиеті жайлы кітаптармен танысып, өздеріне ұнаған кітаптарын алуға болаты­нын, бірақ алып қана қоймай, оны кері тапсырғанда сол кітап жайлы қысқаша мәлімет айту керектігін біліп отырады.

Осындай шаралар арқылы біз кітаптың адам өміріндегі орнын, оның рухани байлық пен білімнің қайнар көзі екенін тағы бір мәрте түсіндік. Кітап оқу – тек демалыс емес, ол ойды дамыту, тіл байлығын арттыру, айналадағы дүниені тану, өткен тарих пен мәдениетпен та­нысу, сөйлеу мәдениетін дамыту, қиялын байыту және де білімге де­ген құштарлығын арттырып, қиын сәттердегі дос, өмір мәнін ұғындыра білу. Қазіргі заманда телефон мен интернет дамығанмен, кітаптың маңызы ешқашан жойылған емес. Кітап арқылы алған білім ешқашан өшпейді, ол адамның мәңгі жадын­да сақталып, санасына терең сіңеді. Әрі кітап көп оқып, білім алған адам мәдениетті, білімді, ойлы болады.

«Күзгі демалыста кітап оқимыз» атты шара барлық оқушыларға ұнады. Бұл іс-шара оқушыларға үлкен рухани әсер беріп, кітап оқуға деген сүйіспеншілікті арттырды. Енді біз тек күзде емес, жыл бойы кітаппен дос болуға, оны мұқият, ұқыпты әрі таза ұстауға, ішіндегі мазмұнын оқып, түсінуге уәде еттік. Шарамыз­ды қорытындылай келе, әр кітап оқыған оқырман оқушыларға мектеп директоры атынан «Мадақтама» та­бысталды.

Г.ИСКАКОВА,

Жалғансай орта мектебінің кітапхана меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT