Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, оқырман мәдениетін қалыптастыру және жас ұрпақтың рухани дамуына жағдай жасау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен жастар театрында «Қызыл телпек» қойылымы алдында «Жылжымалы кітапхана» жобасы алғаш рет өтті.

Жоба аясында кітапхана қызметкерлері спектакль кейіпкерлерінің костюмдерін киіп, балаларды ертегі әлеміне жетелеп, аталған шығарманың кітабын таныстырып, мазмұнын қызықты форматта баяндап берді. Бұл бастама балалардың театр мен кітап арасындағы байланысты сезінуіне, көрген қойылымын кітап арқылы тереңірек түсінуіне мүмкіндік жасады.

Облыстық балалар кітапханасының директоры Перизат Өтеуғалиева жоба алдағы уақытта жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. «Бұл – кітапты балаларға жақындатудың жаңа тәсілі. Біз оқырманды кітапханаға шақырып қана қоймай, кітапты олардың өз ортасына апаруды мақсат еттік. Жоба жоспарға сәйкес айына екі рет ұйымдастырылады. Тек театрларда ғана емес, сауда үйлерінде, Абай орталығында және басқа да қоғамдық орындарда өтеді. Баланың кітапқа деген қызығушылығы ойын, әсер, эмоция арқылы оянуы тиіс. Сондықтан біз әр шараны ерекше форматта өткізуді көздеп отырмыз», – деді ол.

Шараға қатысқан оқушылардың бірі Ақжол Тәжібай әсерімен бөлісті. «Маған бүгінгі жоба өте ұнады. Кейіпкерлерді тірідей көргендей болдық. Кітаптағы оқиғаны алдын ала білген соң, спектакльді қызығып тамашаладық. Енді сол ертегіні толық оқып шыққым келеді. Осындай кездесулер жиі болса екен деймін», – деді жас оқырман.
Рита Өтеуғали




