Үкімет 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын пысықтайды

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы талқыға салынады. 

Отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясына:

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин;

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап береді.

2025 жылғы қаңтар-тамызда 2024 жылғы қаңтар-тамызға қарағанда нақты көлем индексінің ең үлкен өсімі көлік және қоймалау (121,5%), құрылыс (118,1%), сауда (108,9%) және өнеркәсіп (107,6%) салаларында байқалады. Нақты көлем индексінің ең аз өсімі ауыл шаруашылығы (103,4%) және байланыс (103,8%) салаларында қалыптасты.

2025 жылғы қаңтар-тамызда 2024 жылғы қаңтар-тамызға қарағанда көптеген өңірлерде қысқа мерзімді экономикалық индикатордың оң өсім қарқыны байқалады. Ең үлкен өсім қарқыны Астана қаласында (118,6%), Түркістан облысында (115,8%), Шымкент қаласында (115%) және Солтүстік Қазақстан облысында (114%) байқалады. Теріс өсім Шығыс Қазақстан (97,3%) және Ұлытау (99%) облыстарында қалыптасты.

Айта кетейік, өткен аптадағы Үкімет отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жаңғырту және көлеңкелі экономиканы төмендету шаралары талқыға түсті.

Бірінші мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, МӘМС іске қосылғаннан кейін салалық қаржыландырудың орташа жылдық қарқыны 2 еседен артық өсіп, 21,2 пайызды құрады. Бұл инвестициялардың, оның ішінде жеке инвестициялардың келуін ынталандырды. 2027 жылға қарай МӘМС қаражаты сала шығыстарының негізгі қаржыландыру көзіне айналады. Саланы қаржыландыруды ұлғайту халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырды және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға тікелей әсер етті.

Мәселен, соңғы 7 жылда 1 адамға арналған медициналық шығыстар 98 мың теңгеден 258 мың теңгеге дейін, яғни 2,6 есеге ұлғайды. Бұл ретте медицина персоналының орташа жалақысы шамамен 2,5 есе, оның ішінде дәрігерлердің жалақысы 2,8 есе — 159 мыңнан 442 мың теңгеге дейін ұлғайды. Бастапқы деңгейде көрсетілетін қызметтер және консультациялық-диагностикалық қызметтер саны 2,7 есе артты.

- Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің «табысты адамның осал топқа жәрдемі» негізгі қағидатын жүзеге асыру жүйенің басты жетістіктерінің бірі болды. Бұл әлеуметтік әділдіктің тиісті деңгейін және медициналық көмектің жалпыға бірдей қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, — деді министр.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың нәтижелері мынадай:

- күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетіп, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көш бастады;

- ана өлім-жітімі тірі туған 100 мың балаға шаққанда 14,8-ден 10,10-ға дейін;

- нәресте өлім-жітімі тірі туған 1 мың нәрестеге шаққанда 7,93-тен 6,80-ге дейін қысқарды.

Осы орайда Премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне Еңбек министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірге медициналық сақтандырудың жаңа тетігін енгізу бойынша үйлесімді жұмыс жүргізуді, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдірген азаматтарға да құлақ асуды тапсырды. 

Сонымен қатар Үкімет басшысы бірқатар министрлік пен өңір әкімдіктеріне мынадай нақты тапсырмалар берді: 

- Денсаулық сақтау министрлігі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін қордың бизнес-процестерін автоматтандыру мен оңтайландыру жұмыстарын аяқтауы тиіс. Сондай-ақ азаматтар мен медициналық ұйымдар үшін ыңғайлы сервистерді енгізе отырып, цифрлық платформаны толықтай қайта қарағаны жөн;

- Денсаулық сақтау министрлігі Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, биыл 1 желтоқсанға дейін медициналық сақтандырудың жаңа нормаларын ақпараттық-түсіндіру бойынша жұмыс жоспарын әзірлеп, іске асыруы тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдарын, цифрлық алаңдарды, әлеуметтік желілерді, өңірлік іс-шараларды барынша пайдалану қажет.

- өңір әкімдіктері мен Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмек сапасын арттыру бойынша пәрменді шаралар қабылдап, сақтандыру жүйесіне жарна төлеуге қатысты міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету, жергілікті деңгейде енгізіліп жатқан өзгерістерді іске асыруға әкімдіктерді барынша жұмылдыру керек.

Екінші мәселе бойынша сөз алған Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша көлеңкелі экономиканың деңгейі 2023 жылдан бері 0,9 пайыздық тармаққа төмендеп, 16,7 пайызды құрады. Әсіресе ішкі сауда, білім беру, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда айтарлықтай жақсару байқалады. Десе де мұндағы мәселелер әлі де болса өзектілігін жоғалтқан жоқ, осы ретте Қаржы министрлігі оларды шешу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. 2025 жылдың 9 айында 1 млн литрден астам алкоголь, сомасы шамамен 4 млрд теңге болатын 6,6 млн темекі қорабы және 55,6 мың тонна болатын мұнай өнімдері тәркіленді. Тексерістер нәтижесінде есептен тыс қалған 7 млрд теңгеден астам акциз қайтадан есептелді. Жалпы салмағы 152 келі болатын есірткі заттарын әкелудің 55 фактісінің жолы кесілді.

Көлеңкелі экономиканы төмендету жөніндегі шараларды қарау қорытындысы бойынша Олжас Бектенов жауапты ведомстволарға мынадай бірқатар тапсырма берді:

- Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері нақты ұсыныстарды енгізе отырып, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралардың тиімділігі туралы жыл сайынғы кеңейтілген талдамалық баяндаманы әзірлеуді қамтамасыз етуі қажет;

- заңды тұлғаларды тіркеу мен қайта тіркеуді қадағалап отыру үшін Әділет, Қаржы, Жасанды интеллект министрліктеріне Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, осы жылдың 25 қарашасына дейін тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жұмыстарын аяқтау керек;

- талдау дәлдігі мен әкімшілендіру сапасын арттыру үшін мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдары арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды күшейту қажет. Осыған байланысты Қаржы, Жасанды интеллект министрліктері және басқа да мемлекеттік органдар деректерді Smart Data Finance жүйесімен интеграциялауды қамтамасыз етуі тиіс.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT