Халықтың медсақтандыру жарналары қашан 5 есе өсетіні анық

Медсақтандыру жүйесіне жұмылдырылған қалалық емханалар мен жеке клиникалар көбіне сапасыз қызмет көрсетеді.

 Мейірбикесі қарай салады. Сергелдеңге салып, ай соңында немесе келесі ай басында қабылдауға қайта жазылуды ұсынады.

Сондай-ақ, массаж, балшық жағу, жылумен, суықпен емдеу, электротоқ, магниттік ультракүлгін немесе инфрақызыл сәулелі толқындармен емдеу сияқты нақты бір жағдайда емдік пайдасы мен тиімділігі шамалы болуы мүмкін, бірақ науқастың көңілін аулауға бағытталған қосымша процедураларды жаза салады.

Сорақысы сол, медұйымдар осының бәріне ТМККК аясында да, МӘМС аясында да екі есе ақы алады екен. Бұл тек ең бір "бейкүнә" қулықтары ғана. Жалпы, медсақтандыру жүйесі толған шикілік екенін салалық ведомство мамандары да жасырмайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, біріншіден, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміндегі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі медициналық көмектің пакеттері әлі күнге нақты бөлінбепті. Сонымен қатар, бұл қос пакет ішінде медициналық көмек түрлері қайталанады. Медициналық ұйымдар осы кемшілікті заңсыз табыс табу үшін пайдаланатын көрінеді.

Екіншіден, шенеуніктер медсақтандырылмағандарға ұсынылатын онсыз да шағын ТМККК пакетінің өзін тым қымбатсынады, оған енгізілген медкөмекті және қабылданған міндеттемелерді бюджет көтере алмайды деп санайды.

Үшіншіден, министр Ақмарал Әлназарованың командасы медициналық қызметтер көрсетуге жүргізілетін мониторингті нашар, бақылау жүйесін жеткіліксіз санайды. Бұл әлгінде айтылғандай, медұйымдардың бір көрсеткен қызметін қос пакетте қайталауына, екеуінен де қаржы алуына соқтырады. Салдарынан, кейінгі жылдары денсаулық сақтауға бюджеттік шығындар екі есе өсті, алайда халыққа қызмет сапасы мен қолжетімділігі керісінше, төмендеп кетті.

"ТМККК-нің тегін минималды пакеті бюджеттің мүмкіндіктері мен міндеттемелеріне сай теңгерімге келтірілмеген. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің үнемі жеткілікті қаржыландырылмауына әкеледі. Міндетті әлеуметтік медсақтандыру енгізілгелі бері, денсаулық сақтау бюджетінің 2 есе өскеніне қарамастан, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі айтарлықтай артқан жоқ. Салада ресурстарды тиімсіз пайдалану орын алып отыр, бұл салаға шектен тыс қаржылық ауыртпалық түсуін тудырады", – делінген министрліктің реттеуші саясатының консультативтік құжатында.

Денсаумині Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі жолдауында: "Бюджеттің мүмкіндіктері мен міндеттемелері тұрғысынан теңдестірілген базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыруды" жүктегенін жеткізді. Ведомство Президент тапсырған сол "ортақ медкөмек пакетін" қалыптастыру аяқталғанын жариялады. Яғни, бір жылдан соң елді осы салада жаңалық, бетбұрыс күтіп тұр. Оның жақсы, не жаман болатынын, науқастарға жеңілдік әлде қиыншылық әкелетінін тәжірибе көрсетеді.

"Бірыңғай медициналық көмек пакетін қалыптастыру жұмыстары аяқталды. Бұл жұмыстар аясында кепілдендірілген және сақтандыру медқызметтерінің бірін-бірі қайталауы жойылды. Сондай-ақ пакетті азаматтардың қабылдауына жеңіл және ұғынықты ету қарастырылды. Бұл пакетті ендіру 2 кезеңмен жүзеге асырылады", – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Нақтылағанда, 2026 жылдан бастап, ТМККК пакетінің екінші бөлігіндегі міндеттемелер МӘМС пакетіне ауыстырылады. Демек, медсақтандырылмаған азаматтарға ол қолжетімсіз болып қалады.

Ал, 2027 жылдан бастап бүкіл Қазақстанда – жаңа Бірыңғай медициналық көмек пакеті толығымен енгізіледі.

Бұдан миллиондаған адам зардап шегуі ғажап емес. Өйткені Денсауминінің ресми мәліметі бойынша бүгінде "Қазақстан халқын МӘМС жүйесімен қамту өте төмен". 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 3,5 миллиондай адам немесе бүкіл халықтың шамамен бестен бір бөлігі (17,2%-ы) МӘМС жүйесінде жоқ.

"Қазақстанның денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасында" 2026 жылға дейін еліміздің барлық тұрғындарының 90%-ына дейін МӘМС жүйесіне тарту жоспарланған. Екі жыл қалды, бұл жоспар орындалмай қалғалы тұр. Өйткені медсақтандыру жүйесінен көңілі қалып, жарна аударуды тоқтатып жатқан қазақстандықтардың саны артты.

Себебі, бұқараның және депутаттардың айтуынша, Үкімет, Денсаумині бұл жүйеге қатысты берген бірде бір уәдесін орындамады. Медсақтандырылғандарға тегін дәрі ұсынылатынын айтты, бермеді. Медқызметтің үлкен көлемі тегін болады деді, сырқаттар МРТ, КТ түгіл, талдама-анализдердің өзін ақылы тапсыруға мәжбүр. Медкөмек сапасы артады деді, сапа керісінше құлдырап барады.

Сонымен бір мезгілде медсақтандыру жүйесіне – ӘМСҚ қорына құйылатын миллиардтар тасқыны ұлғаймақ. Енді оған қаржы төгуге әкімдер де міндеттеледі.

"Мемлекет басшысы 2024 жылғы 7 ақпандағы Үкіметінің кеңейтілген отырысында "Жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі арттырылсын, халықтың осал топтарының жекелеген санаттары үшін медсақтандыру жүйесіне аударымдар жергілікті бюджеттен жүргізілсін" деп тапсырма берді. Сондай-ақ 2024 жылғы 18 қаңтарда Премьердің қатысуымен өткен МӘМС мәселелері жөніндегі кеңесте D мен E санатындағы осал топтар, жұмыссыздар үшін МӘМС жарналарын жергілікті бюджет қаражаты есебінен төлеуді енгізу тапсырылды", – деп мәлім етті Денсаумині.

Бұл санаттарды әкімдер әр ауыл, қала, облыста қалай анықтамақ? 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап республикада Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) іске қосылды. ОЦК арқылы мемлекеттік қолдауға мұқтаж адамдардың санаттары айқындалады. Ол тұлғалар "Отбасының (адамның) әлеуметтік саламаттылығын айқындау әдістемесімен" айқындалатын әлеуметтік саламаттылықтың D және E санаттарына кіруі керек. Мысалы, егер отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен (2025 жылы – 46 228 теңгеден) аз болса, осы санатқа жатады.

"Отбасының цифрлық картасының деректері бойынша әлеуметтік әл-ауқаттың D және E санаттарына жататын адамдар саны шамамен 942 497 адамды құрады. Бұл адамдарға мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі, мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Алайда мемлекет оларды денсаулық сақтау саласындағы қызметтермен қамтымайды. Салдарынан, бұл санаттағы адамдар МӘМС жүйесінен тыс қалды және мемлекеттің қолдауына мұқтаж", – деді министрлік сарапшылары.

Бұларды медсақтандыру болашақта жергілікті әкімдерге жүктелмек. Бұдан нәтиже шығуы неғайбыл, себебі, жергілікті бюджеттердің шамасы шектеулі. Бірақ ол санаттағыларға медсақтандыру қоры көмектескісі келмейді. Тапшылығы тарихи рекордқа жеткен орталық бюджеттің де қауқары шамалы.

Денсаумині республикалық бюджеттен онсыз да 15 жеңілдікті санаттағы азаматтар үшін жарналар төленетінін еске салды. Жергілікті атқарушы органдардың "халықты МӘМС жүйесімен қамтуды арттыруға және аталған адамдарды өңір экономикасына тартуға қатыспайтынын" бетіне басты. Ендеше әкім болу жыл өткен сайын қиындай түседі. Үкімет мемлекеттің міндеттері мен жауапкершілігінің үлкен бөлігін министрліктерден жергілікті жерлерге аударып жатыр.

Енді әкімдерге миллиондай адамды медсақтандыруға қосымша қаржы табуға тура келеді. Таппаса, ауруы жанына батқан жандар әкімдіктерді мазалауы мүмкін.

Халықтың медсақтандыру жүйесіне қарсы шығатын негізі бар. Азамат бір өзі үшін бірнеше жұмыс орнынан бірнеше рет ӘМСҚ-ке жарна мен аударымдар төлейді. Соған қарамастан, сырқаттанғанда медсақтандыру аясында лайықты көмек ала алмай, амалсыз қалтасынан ақша шығарып, жеке клиникаларға жүгінеді.

Денсаумині анықтағандай, қазақстандықтардың медицинаға шығыны тіпті дамыған елдердегіден жоғары: ЭЫДҰ-ға мүше дамыған елдерде тұрғындардың денсаулық сақтауға "қалта шығыстары" барлық шығыстарының орта есеппен 16,9%-ын ғана құрайды. Дамушы елдер арасында Словенияда бұл көрсеткіш – 11,8%, Польшада – 19,6%, Эстонияда – 19,9%, Ресейде – 27,7%, ал, Қазақстанда – 31,1%-ға (!) тең. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 20%-дан асырмауды ұсынады. Қазақстан бұл халықаралық міндеттемесін бұзып отыр.

Ол аз болғандай, халық пен бизнестің шығыны алда еселеп артады. Министр Әлназарованың командасы олардың Әлеуметтік медсақтандыру қорына (ӘМСҚ) аударатын жарналары мен аударымдарын бірден 5 есе көтеретін болды.

"Денсаулық сақтауды қаржыландыру жүйесін жетілдіру, МӘМС жүйесін реформалауды тиімді іске асыру және жаңа Бірыңғай медициналық көмек пакетін қалыптастыру мақсатында жарналар мен аударымдарды есептеу үшін қажетті базаның жоғарғы шегі 2026 жылдан бастап, ең төменгі жалақының қазіргі 10 еселенген көлемінен енді 50 еселенген мөлшеріне дейін арттырылады! Бұл ретте, жарналарды арттыру ТМККК мен МӘМС-тің бірыңғай пакетін қалыптастыруға, МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын сақтауға бағдарланған", – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.

Жарнаның еселеп артуы бұқара мен бизнестің жағдайын ауырлатуға бағдарланғанын шенеуніктер ескермей отыр.

Үкіметке бірнеше рет сауал жолдаған депутаттардың айтуынша, медсақтандыру қанша қаржы құйса да толмайтын түпсіз құрдымға айналды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, МӘМС енгізілгелі бері Қазақстанда денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемі еселеп артты. 2023 жылдың қорытындысында күрделі шығыстарды қоспағанда, денсаулық сақтаудың тек ағымдағы шығыстарына жұмсалып жатқан қаражат мөлшері ЖІӨ-нің 3,7%-ына жетті. Салыстырсақ, қазіргі күрделі геосаяси ахуалда Қазақстанның қорғаныс саласына жұмсайтын шығысы ЖІӨ-нің небары 1 пайызы ғана.

"Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес 2027 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру деңгейі ЖІӨ-нің кемінде 5%-ына жеткізіледі. Қаржыландыру көлемінің еселеп өсуіне қарамастан, денсаулық сақтау жүйесі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне әсер ететін қиындықтарды бастан кешіруде", – деп хабарлады министрлік.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT