ХАЛЫҚҚА ЖАНАШЫР – ВЕЛОСИПЕДТІ МЕЙІРГЕР

Биылғы жыл – еңбек адамына құрмет көрсетілетін ерекше кезең. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, қарапайым еңбек иелерінің қоғамдағы рөлін айрықша атап өтті. Әсіресе денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне көрсетілер ілтипат ерекше. Себебі науқастың жаны мен тәніне жанашыр болатын – ең алдымен мейіргер. Иә, мейіргер – ақ халатты абзал жандардың қатарындағы көзге көп көріне бермейтін, бірақ тіршіліктің шынайы ауыр жүгін арқалап жүрген маман. Олар тек дәрі-дәрмек тағайындаумен ғана шектелмейді, жанға дауа, сөзі медеу бола білетін жандар. Сол себептен де олардың еңбегі дәрігермен тең дәрежеде бағаланады. Қызметтері көрінбейтін күрделі еңбек, төзімділік пен жанашырлықты қатар талап ететін мамандық. Аудан бойынша бүгінде 144 мейіргер тұрғындарға қалтқысыз қызмет етіп жүр. Солардың бірі – 29 жылдан бері адалдықпен абыройлы қызмет атқарып келе жатқан учаскелік мейіргер Мейрамгүл Төлегенова. Көпке үлгі боларлық кәсіби жолы бар Мейрамгүл апай – тек медицина саласының маманы емес, нағыз адамгершілік пен еңбекқорлықтың айқын көрінісі. Ол жайлы алғаш естігенде, елең еткізер ерекше сипатына назар аудардық – Мейрамгүл Төлегенова өзіне бекітілген учаскені велосипедпен аралайды.

 

 Ауыл ішінің ой-қыры, шалғай үйлер, жаяу жетуі қиын мекен кейіпкеріміз үшін кедергі емес. Егде жастағы тұрғындарға үйде қызмет көрсету, ардагерлер мен мүгедектердің денсаулығын бақылау, уақытылы егу мен тексеріс – бәрі сол екі дөңгелекті көлікпен жүзеге асады. Бұл бір жағынан экологияға қамқорлық болса, екінші жағынан Мейрамгүл апайдың қарапайым мен жанашыр жүрегінің дәлелі. Ауыл тұрғындары оны алыстан келе жатқан велосипедінен-ақ танып, жылы шыраймен қарсы алады. Себебі олар бұл кісінің әр келгені – көңілге медеу, денсаулыққа демеу екенін жақсы біледі. Біз де сырттай көріп жүретін мейіргермен жақынырақ танысып, суретке түсіп, аз-кем сұхбаттасқан едік.

 

Әңгімеміздің арқауы болған Мейрамгүл Төлегенова 1976 жылы Забурын селосында дүниеге келген. Ол 1996 жылы Гурьев медициналық училищесінде фельдшер мамандығын тәмамдап, кейін туған еліне яки аудан орталығына оралып, аудандық ауруханада еңбек жолын бастаған. Жас маман болып жұмысқа кіріскен кезден бастап-ақ өзінің жауапкершілігімен, ықыласымен және алғырлығымен көзге түсе білген. Сол уақыттан бері ол осы салада үздіксіз еңбек етіп, мыңдаған адамның денсаулығына қамқорлық танытып келеді. Соңғы жылдары бұл мейіргерімізді ауыл арасында ерекше қасиетімен жақсы тани түсті.Ол учаскесіндегі үйлерді машинамен немесе жаяу емес, велосипедпен аралайды. Бұған себеп – өзіне бекітілген учаске көп, ал жаяу жүруге уақыт кетіп, ал көлік құралдары әрдайым қолжетімді бола бермейді. Сондай-ақ тұрғын үйлер бір-бірінен алшақ орналасқандықтан, ал велосипед – ең ыңғайлы, жылдам әрі уақыт жағынан үнемдеуге тиімді көрінеді. Бұл жұрт үшін таңсық көрінсе де, ол үшін саналы әрі салауатты өмір қалыптастыруға дұрыс таңдау екендігін тілге тиек етіп, әрі бізбен болған әңгімесінде еңбек жолына да қысқаша тоқтала өтті.

–Мейіргер болу – мен үшін жай ғана жұмыс емес, бұл – жүрекпен таңдалған жол. Адамдарға көмектесу, оларды емдеп жазуға үлес қосу – үлкен жауапкершілік әрі рухани қуат береді. Әр үйге барған сайын есікті қағып емес, жүрекпен кіріп, мейіріммен шығуға тырысамын. Кейде жылы сөздің өзі ем екенін түсіндім. Қанша жыл өтсе де, бұл мамандыққа деген құрметім де, махаббатым да кеміген емес. Осылайша оқуымды тәмамдаған соң мамандық бойынша фельдшер болып қызметімді бастадым. Кейін сол жылдары ауруханада мейіргер тапшылығы жиі орын алатын. Бір жағы сұраныс талабына қарай қосымша мейіргер курсын оқып, оны сәтті аяқтап шықтым. 1996-1998 жылдары хирургия мен гинекология бөлімдерінде жұмыс істеп, түрлі күрделі жағдайларға куә болдым. Ол бөлімдерде жұмыс істеу оңай болған жоқ. Әр науқастың тағдыры–біз үшін үлкен жауапкершілік. Кейде адам өмірі бірнеше секундқа байланысты болатын.Осындай қиын сәттерде сабыр сақтап, дәрігерлермен бірге шұғыл шешім қабылдауды үйрендік.Әр минут, әр шешім адамның тағдырына әсер етеді.Бұл маған мейіргердің салмақты да сергек болуын түсіндірді,-дейді ол.

 

Хирургия мен гинекология салаларында тәжірибе жинағаннан кейін кейіпкеріміз 1999-2000жылдар аралығында учаскелік балалар мейіргері ретінде еңбек жолын жалғастырған. Бұл кезең оның өміріндегі ең жауапты әрі жүрекке жақын кезеңдердің бірі болған. Ол ата-аналарымен де тығыз байланыста болып, баланың денсаулығына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алдын алу шараларына баса мән берген.Оның нәзік те байсалды қарым-қатынасы көптеген ата-ананың алғысына бөленіп, балғындардың жадыраған жүзін көруге себеп болды.

 

–Бір күні жұмыстан шығып келе жатсам, аурухана алдындағы бір машина балшыққа батып,қызып кете алмай тұр екен. Ойымда түк жол.Қыстың шамасы, жер балшық болса да, жаңағы көлік жүргізушісіне көмектесу мақсатында машинаны бір өзім итеріп, шығарып жібердім.Әп-сәтте аяғым тайып құлап қалғаным бар.Көлік жүргізушісі жағдайымды жай ғана сұрап, әрмен қарай кете барды. Ұялғанымнан орнымнан атып тұрдым, бірақ аяғымды қатты ауыртып алдым. Кейін біраз уақыт емделдім. Тіпті Астана қаласындағы дәрігерлерге барып, арнайы көмегіне жүгінген едім. Олар маған таза ауада қозғалысты көбейтуді кеңес етті. Сонымен қатар велосипед тебу ең дұрыс шешім екендігін айтқан болатын.Қазір 4 жылдан бері бұл менің күнделікті дағдыма әрі серігіме айналды.Тұрғындарға да дер кезінде жетемін, өз саулығымды да күтемін,-дейді ол қуанған жүзімен.

 

Бұл учаскелік мейіргер қарауында 13 көше бар. Бұл дегеніңіз – бірнеше үй, жүздеген тұрғын. Ал ол болса әр күн сайын, яғни Н.Сүгірұлы, Д.Өтепқалиұлы, М.Өтемісов, К.Шамшырақ. Б.Нысанбаев, И.Тайманов, А.Иманов, Нарын, Үбі батыр, Жамбыл, Ынтымақ, И.Молдағалиев, Г.Хисмуллин көшелерін велосипеді арқылы аралап шығып, қызметіне мұқияттылық танытады.

-Бұл менің күнделікті жолым, жұмысым. Кей күндері жаңбыр жауады, кейде жел тұрады. Бірақ халық күтіп отырады. Барынша олардың сенімін ақтап, қолдан келген қызметімді аямаймын.Үйде ауыр халде жатқан науқастар болсын, кішкентай балалар болсын немесе мүгедектігі бар жан болса да, бәріне бірдей қызмет етеміз.Дәрігер тағайындаған ем-домы бойынша күнделікті укол, системаларын салып, үлкен жауапкершілікпен атқарамыз.Олар риза болып, батасын беріп жатады.Бізге одан асқан қандай құрмет бар?-деген оның сөзі жұмысын сүйіспеншілікпен жасайтындығын аңғартты.

 

Мейрамгүл апайдың есімі қызмет ететін Аққыстау ауылындағы әр үйге таныс.Ол тек медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, жылы сөзімен, сабырлы мінезімен, үлкен мен кішіге бірдей көңіл бөлуімен ел құрметіне ие болған.Оның есікті үнемі күлімсіреп ашатыны –тұрғындар жадында сақталған ерекше белгі.Міне, аталмыш жылда сіз де өз ісін шын сүйетін нағыз еңбек адамының бірімен таныстыңыз.

 

Сағыныш ҚАЙЫР,

сурет автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT